Түркістан облысының Келес ауданында мүгедек немере інісін зорлады деп айыпталған ағайынды 3 жігіт 9 жылға сотталды. Жәбірленуші тарап та, айыпталушы тарап та сот үкімімен келіспеді. Олар апелляциялық шағым түсірмек. Ulysmedia бүгін өткен сот процесінің жай-жапсарына қысқаша тоқталып, тараптармен тілдесіп көрді.
«Бір үйдің үш баласы 10 жасынан бері зорлап келген»
ІІ топтағы мүгедек, 24 жастағы жәбірленушінің анасы сот үкімімен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, сотталушылар ұлын 10 жасынан бері зорлап келген. Ол берілген жаза тым жеңіл дейді.
«Жылы аз деп ойлаймын, келіспеймін. Біз де апелляцияға береміз. Негізі 12 жылдан сұраған еді. Аз, бір үйдің үш баласы зорлап келген. 5 ай оңалту орталығына қатынадық аптасын екі рет, материалдық, моральдық шығын да аз, оған да келіспеймін», – деді ол.
Сот моральдық өтемақы ретінде сотталушылардан 5 миллион теңге өндіруді міндеттеді. Оған келіспейміз деген сотталушылардың туыстары апелляциялық сотқа арызданбақ.
Бұған дейінгі сот отырысында жәбірленуші тарап соттан қатаң жаза беруді талап етіп, 15 миллион теңге моральдық шығын өндіруді сұраған.
Айыптау актісі
Айыптау актісі бойынша, мүмкіндігі шектеулі жігітке сексуалдық сипаттағы зорлық екі рет жасалған. Алғашқысында ағасының шаңырағына барған сотталушылардың бірі сол үйдегі 41 мың теңгені ұрлап, ұлын зорлаған. Екінші рет моншаға келгенінде ағайынды үшеу жәбірленушіні жабылып қорлаған.
Үкім мен тағылған айыпқа қарсылық
Сотталушылардың адвокаты Гүлжазира Мыңбаева да үкіммен келіспейді. Ол да апелляциялық шағым түсірмек.
«Іске тіркелген біздің өзіміздің сараптамамыз бойынша, үш баланың бұл іске қатыстылығы жоқ екені өз дәлелін тапқан. Оның үстіне сперма табылмады деп көрсетілген нақты. Ол сперманы қайдан тапты, қалай тапты белгісіз. Себебі генетиктің өзі айтып отыр, сперма жоқ еді деп. Екінші мәселе, осы жерге келген полиция қызметкері детальизацияны көрсетіп, нақты осы үйде болғанын біз дәлелдей алмаймыз деді. Осылай тұрғыда қалай сот «иә, үшеуі де айыпты» деп тануы мүмкін», – деді адвокат.
Сот жарыссөзінде прокурор айыпталушылардың барлығын кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
24 жастағы мүмкіндігі шектеулі жігіт өзінің зорлық көргенін анасына 2025 жылы ақпанда айтқан. Іс бойынша күдікті деп танылған 20,22,28 жастағы ағайынды үш жігіт 4 ай бойы қамауда болған.