Семейдегі әкім сайлауы: қалада жоқ кандидат, жабық штаб, «Amanat» бақылаушылары

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz

12 қазанда Семей қаласының әкімін бірінші рет тікелей халық сайлап жатыр. Ulysmedia тілшісі сайлауға түскен кандидаттардың штабын аралап, олармен тілдесуге тырысты. Бірақ додада қалған үш үміткердің екеуінің штабы жабық тұр. Енді бірі штабта болмай шықты.

Жабық штаб

Қала әкімінің сайлауына қатысып жатқан геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директоры Қаныш Төлеуовтің сайлау штабы Семейдің сол жағалауындағы Innovative college ғимаратында орналасқан екен. Алайда колледж ғимараты жабық жатыр. Күзетші штабқа ешкімнің келмегенін, колледж бүгін демалыс болуына байланысты жұмыс істемейтінін айтты.

«Адам жоқ мында... Ылғи келіп жүрді ғой, осында отыратын. Бүгін енді сайлауда шығар», – деді күзетші Ulysmedia тілшісіне.  

Ал Төлеуов жұмыс істейтін «Геодезия, картография және құрылыс жоғары» колледжі оның байланыс нөмірін бере алмайтынын айтты.

Екінші кандидат «Аманат» партиясының мүшесі, уақытша жұмыссыз Айболат Бекжасаровтың штабы «Семей» қонақ үйінде орналасқан. Ол да жабық тұр. Қонақ үй тіркеу бөлімінің қызметкерлері штабқа екі күннен бері ешкімнің келмеді дейді.

Қалада жоқ кандидат

Үшінші үміткер Көкпекті ауданының әкімі Әділет Қожанбаевтың штабы Prime бизнес орталығына жайғасқан. Штабта бес адам жұмыс істеп отыр. Олардың сөзінше, Қожанбаевтың өзі іссапармен Көкпекті ауданына кеткен.

Ulysmedia тілшісі сайлау алды штабының басшысы Балжан Қадырбекқызымен сайлау барысы туралы сөйлесті. Ол қаладағы 128 сайлау учаскесінің 70 пайызын бақылаушы жібергенін айтты. Ulysmedia барған сайлау учаскелерінің барлығында биліктегі “Аманат” партиясы мен “Дауыс” қоғамдық бірлестігінің бақылаушылары ғана отырды. Бұған дейін тілдескен қала тұрғындарының басым көпшілігі кандидаттарды танымайтынын айтқан. Кейбірі сайлауға бармаймын десе, енді бірі үміткерлерді танымаса да сайлауға барғанын айтқан.

 

Балжан Қадырбекқызы Әділет Қожанбаев үгіт-насихат жұмыстары кезінде халықпен кездескенін айтты. Бір ай ішінде Семей қаласының шет аудандарын жүз пайыз қамтыдық деді.

«Кандидат өз жұмысын халықпен жүргізген болатын, Семей қаласының аудандарына барып. Шеткі аудандардан бастаған болатын. Халықпен кездесіп, тұрмыс жағдайын көріп. Қандай да бір проблемалары болса, сол бойынша жұмыс жасадық. Кәсіпорындарға бардық, жұмысшылармен кездестік. Сол сияқты таратпа материал тараттық», – деді ол.

Балжан Қадырбекқызы Ulysmedia тілшісінің «Сайлауда бәсеке бар ма? Сайлау дүбірі сезіле ме?» деген сауалына былай деп жауап берді:

«Кандидаттардың барлығы «Аманат» партиясының мүшесі болғанмен, кандидаттар өз-өзін ұсынған болатын бұл сайлауға. «Сайлауда бәсеке бар ма?» деп сұрадыңыз. Менің ойымша, бар. Себебі әр кандидат өзінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Әр кандидаттың енді өзінің қолдаушылары бар», – деді сайлау алды штаб басшысы.

Сайлауға төрт кандидат өткен. Олардың барлығы биліктегі “Аманат” партиясының мүшелері. Оның бірі Көкпекті ауданының әкімі Әділет Қожанбаев, геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директоры, Қаныш Төлеуов, қалалық мәслихаттың бұрынғы төрағасы Айболат Бекжасаров және «Балалар мен жастар шығармашылығы» сарайының директоры Қанат Шапатов. Бірақ Шапатов 8 қазанда кандидатурасын алып тастаған.

Негізі облыстық сайлау комиссиясына сегіз адам құжат тапсырған. Оның үшеуі өтпей қалған. Біреуі құжатын кері қайтарып алған. Тіркеуден өтпей қалған адамдардың бірі – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бұрынғы бастығы Бақытбек Байболов.Ол комиссия шешімімен келіспей, сотқа жүгініп, жеңіліп қалды. Азаматтық белсенділер әкім сайлауын билік тағы да өзінің қолайына жағатын кандидаттардың арасында өткізіп жатыр дейді.

Семейде 128 сайлау учаскесі бар. Қалада 220 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы.