Аягөзде аналар Тоқаевқа үндеу жолдап, көмек сұрады

Сырым Қаржас
видео кадры

Аягөз қаласының аналары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы алған баспаналарын әлі күнге дейін жеке меншікке рәсімдей алмай отырғандарын айтып, мәселені шешуге көмек сұраған.

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз, Аягөз қаласының аналары, сізге үлкен үміт артып отырмыз. 2023 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алған едік, алайда осы уақытқа дейін оны өз атымызға рәсімдей алмай отырмыз. Бұл мәселе бойынша бірнеше рет жергілікті билік органдарына жүгіндік, бірақ нақты нәтиже болған жоқ, – делінген үндеуде.

Президент әкімшілігі мен тиісті министрліктерден комиссия сұрайды

Аналарының айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігі қарапайым халыққа ауыр тиіп отыр.

- Құрметті президент мырза, сізден біздің жағдайымызға назар аударып, Президент әкімшілігі мен тиісті мемлекеттік органдардан арнайы комиссия жіберуді сұраймыз. Біз әділ шешім қабылданатынына сенеміз, – дейді аналар.

«Шенеуніктердің немқұрайдылығынан зардап шегіп отырмыз»

Аягөз тұрғындары бұл мәселе бірнеше айдан бері шешілмей келе жатқанын атап өткен.

- Шенеуніктердің немқұрайдылығынан қарапайым халық зардап шегіп отыр. Заң қабылданған сәттен бастап бірнеше айдан бері барлық есікті қағып, табалдырық тоздырдық. Бірақ еш нәтиже жоқ, – дейді олар.

Контекст

2023 жылы Аягөз қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында бірқатар көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға пәтер берілген болатын. Алайда тұрғындардың айтуынша, құжаттарды рәсімдеу барысында бірқатар бюрократиялық кедергілер туындап, мәселе әлі күнге дейін шешілмей отыр.