Семейде әкім сайлауына барған халықтың саны 32 пайыз ғана болды. Бұл жөнінде сайлауды бақылаған «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Ulysmedia тілшісіне айтты.
Мән-жай
Семейде әкім сайлауы өткеніне екі күн болса да әлі күнге дейін аумақтық сайлау комиссиясы қорытынды нәтижені жарияламады. 12 қазанда өткен әкім сайлауын бақылаған «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің дерегінше, олар бақылаған сайлау учаскелеріне дауыс беруге келген халықтың саны небәрі 32 пайыз ғана болған.
«Біз 28 сайлау учаскесін ғана бақылай алдық. Бізде халықтың сайлауға келу белсенділігі 32-33 пайыз ғана болды. Біз бақылаған учаскелерде дауысты көп жинаған Қожанбаев болды. Қалған екі кандидатқа 7-10 пайыз аралығында берген», – деді «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінің Абай облысы бойынша басшысы Төленді Райымбек.
Бақылаушысы жоқ сайлау учаскесіндегі нәтиже
12 қазанда Ulysmedia тілшілері барған Семей қаласындағы №37 сайлау учаскесінде дауыс санау қорытындысы бойынша сайлауға келген халық саны 57 пайыз болған. Бірақ бұл учаскеде бірде-бір тәуелсіз бақылаушы болмаған.
Тәуелсіз бақылаушы есебі
№95 сайлау учаскесінде мониторинг жасаған азаматтық белсенді Кенжебек Сұлтанбеков Ulysmedia тілшісіне өзі бақылаған учаскеде дауыс берушілер саны 12 пайызға жетпейтінін айтқан. Бұл учаскеде тіркелген 1979 сайлаушы болса, соның 223-і сайлауда дауыс берген.
Аймақтық сайлау комиссиясы әзірге сайлау қорытындысын жариялаған жоқ.
Кандидаттар
Сайлауға төрт кандидат өткен. Олардың қатарында Көкпекті ауданының әкімі Әділет Қожанбаев, геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директорыҚаныш Төлеуов, қалалық мәслихаттың бұрынғы төрағасы Айболат Бекжасаров және балалар мен жастар шығармашылығы сарайының директоры Қанат Шапатов бар. Бірақ соңғысы өз кандидатурасын сайлау қарсаңында алып тастаған. Оның кандидатурасын не себепті алып тастағаны белгісіз. Аумақтық сайлау комиссиясының айтуынша, ол өз еркімен сайлау додасынан бас тартқан. Кандидаттардың барлығы “Аманат” партиясының мүшесі.
Семей қаласы әкімінің сайлауына қатысу үшін бастапқыда аймақтық сайлау комиссиясына сегіз адам құжат тапсырған. Оның үшеуі өтпей қалған. Біреуі құжатын кері қайтарып алған. Тіркеуден өтпей қалған адамдардың бірі – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бұрынғы бастығы Бақытбек Байболов. Ол комиссия шешімімен келіспей, сотқа жүгініп, жеңіліп қалды. Азаматтық белсенділер әкім сайлауын билік тағы да өзінің қолайына жағатын кандидаттардың арасында өткізіп жатыр деген.
Семейде 128 сайлау учаскесі бар. 300 мыңнан астам халқы бар қалада 220 мың адамның дауыс беруге құқығы бар.