Алматыда бір перзентханада екі келіншек бірдей сәбилерінен айырылған. Екі әйел де мұндай жағдайға дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп отыр. Олардың айтуынша, ақ халаттылар уақытында көмек көрсетпей, кейін кінәні өздеріне аударуға тырысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Баламның жүрегі соқпай қалды»
Арай Ақан 5 мамырда көптен күткен сәбиін қолына аламын деп қуана перзентханаға келген. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. Оның айтуынша, дәрігерлер оның жағдайын назарсыз қалдырып, дер кезінде ота жасауға келісім бермеген.
Толғақ күшейген кезде де «өзің босана аласың» деп қайтарған. Баланың жүрек соғысы әлсірегенін білсе де, еш әрекет жасамаған дейді. Біраз уақыт өткен соң ғана вакуум әдісін қолданбақ болған, бірақ дәл сол сәтте сәбидің жүрегі тоқтап қалған.
- Баланың жүрек соғысы ұнамай тұр деді. Ол дайындыққа команда беріп, 15 минуттан кейін кіріп, ойынан айнып қалды. Таңғы 4-тен 5-ке дейін бір сағат бойы ешкім кірген жоқ, – дейді келіншек Информбюроға.
«Балам ішімде шетінеп кетті»
Гүлминям Низахунова да дәл осы перзентханада сәбиінен айырылған. Оның айтуынша, 13 тамызда қан кетіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер «бұл қалыпты жағдай» деп, ота жасаудан бас тартқан.
Төрт күн өткен соң әйел баланың қозғалысы тоқтағанын байқаған. Сол кезде ғана хабарлағанымен, тым кеш болған, сәби іште шетінеп кеткен.
- Дәрігерлер құжаттарды өзгертіп, мені 13-і күні үйге кетіп, 17-сі күні толғатып келді деп жазған. Ал мен сол күндері перзентханада болдым. Кейін олар үйге келіп, кешірім сұрады. Бірақ кешіре алмайтынымды айттым. Тіпті ‘сенің балаларыңның бәрі қыз екен, қаласаң ұл бала сыйлайық’ деді. Мұндай сөзді қалай айтуға болады?, – деп ашынды әйел.
Іс бақылауда
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері екі жағдай да назарда екенін айтты.
- Басқарма денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне хат жолдаған. Бір пациент бойынша тексеру нәтижесі белгілі болып, оған хабарланды. Екінші іс бойынша қосымша хат жіберіліп, қорытындысына сай шаралар қабылданады, – делінген хабарламада.
Аналардың талабы
Екі жәбірленуші де кінәлілердің жазалануын талап етуде. Олар жақын арада құқық қорғау органдарына ресми шағым түсірмек.