"Қазақ деген қанды ойлау керек": Алматыдағы мектеп дауы әлі басылмай тұр

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы қаласының тұрғындары №224 мектептің таза қазақ мектебі ретінде ашылуын өтініп сұрап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тұрғындар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, көмек сұрауға мәжбүр болған. Үндеу “Ұлтқа қызмет” парақшасында жарияланды

- Конституциялық құқықты бұзбай және қазақ тілін дамыту мақсатында №224 мектепті таза қазақтілді мектеп етуді сұраймын. Менің өзіме бейімделу қиын. Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Егер ортам қазақтілді болғанда қолымнан бұдан да жақсысы келер еді деп ойлаймын. Сондықтан конституциялық құқығым бұзылмай, бастапқыда айтылғандай бұл мектептің таза қазақ тілінде болуын сұраймын, – дейді тұрғындардың бірі.

Үндеу жасаған алматылықтардың сөзінше, шағынауданда бірде-бір таза қазақтілді мектеп жоқ. 

- Мемлекет қазақтілді мектеп деп салады. Артынан 2-3 адам орыс тілі деп айғайласа “орыстілді” деп шығады. Қысқартайықшы осыны. 1937 жылы көріп өттік, тағы да соған келеміз бе? Қазақтың санын, қазақ мектебін қысқартыңдар деп. Бұл шағынауданда басқа мектеп салынбайды, бұл қазақтілді мектеп болып қалуы керек. Бүкіл ата-ана орыстілді мектептегі қазақ балаларды алып келіңдер, осында оқысын. Бұл ұлттық мәселе емес, қазақ деген қанды ойлау керек, – дейді тағы бір тұрғын. 

Оның сөзінше, қазір аудандағы екі мектеп – аралас мектеп. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Айта кетейік, Алматыдағы №224 мектеп төңірегіндегі дау әлі басылмай тұр. 22 қазанда наразы ата-аналар мен белсенділер қалалық әкімдікке барып, мектептің қазақ тілінде білім беруін талап етті

Ulysmedia тілшісі сөйлескен ата-аналар білім басқармасының басшысымен қандай да бір келісімге келе алмағандарын айтты.