Белсенділер Алматы әкімдігінің әрекетіне қарсы петиция әзірлеп жатыр

Сырым Қаржас
sputnik.kz

Қоғам белсенділері Баум тоғайындағы жұмыстарға қарсы петиция дайындауда. Олардың айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар заңсыз, ал экоактивистер тоғай аумағында жаңа тұрғын үй кешені салынады деп күдіктенеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

КТК телеарнасының мәліметінше, Баум тоғайында абаттандыру жұмыстары қыркүйек айынан бері жалғасып келеді, алайда оны қоршаған даулар басылар емес. Бір апта бұрын заңсыз ағаш кесу оқиғасы белгілі болған соң жағдай қайта ушыққан. Кесілген ағаштардың қатарында үйеңкі мен қарағаш бар, ал тағы 11 ағашты кесуге дайындалып қойған. Әзірге кінәлілер анықталған жоқ.

– Біз қазір қол жинап жатырмыз. Петицияны іске қосамыз. Біз естігеніміз – реновация болады дейді. Яғни жекеменшік үйлер бұзылады. Сол себепті Баума тоғайының бойына тұрғын үй кешені салынады деген күмәніміз бар. Міне, солар үшін осындай саябақ дайындап жатыр деп ойлаймыз. Ал Баум тоғайының қорғалатын табиғи ескерткіш мәртебесі бар, онда мүлде құрылыс жүргізуге болмайды, – дейді экобелсенді Салтанат Тәшімова.

ӘКІМДІК ҰСТАНЫМЫ

Алматы әкімдігі ешқандай ағаш кесілмейтінін, тек санитарлық бұтау жүргізілетінін мәлімдеді. Жоба 2026 жылдың жазына дейін аяқталады деп жоспарланған. Оның аясында мыңнан астам жаңа ағаш отырғызылып, тоғай аумағындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

– Бірде-бір ағаш кесілмейді. Бүгінге дейін де кесілген жоқ. Керісінше, біздің абаттандыру жобамыз бойынша шамамен мыңға жуық ағаш отырғызылады. Сонымен қатар Баум тоғайының аумағына үш полиция пункті, негізгі жолдарға бейнебақылау камералары және кешкі жарықтандыру жүйесі орнатылады. Осылайша қауіпсіздік пен вандализмге қатысты барлық мәселе шешіледі, – деді Батырхан Сүлейменов, Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы.