Сынған әйнек, үнсіз полиция, үрейлі сот хатшысы, залдан шығарылған журналистер: Хасан Қасымбаев сотының жай-жапсары

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Әйнекті сындырған Қасымбаев, үрейлі сот хатшылары, үнсіз арнайы жасақ пен полиция және залдан шығарылған журналистер. Талғар ауданының сотында аты шулы «Хутор» қылмыстық тобының серкесі делінген Хасан Қасымбаев пен іс бойынша күдікті деп танылған тағы бес адамға үкім оқылды. Оларға «адам ұрлау», «бопсалау», «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» баптары бойынша айып тағылған. Ulysmedia тілшісі даулы сот процесін бақылады.

Сынған әйнек, ашулы Қасымбаев

Сот процесі залдан журналистерді шығарып жіберу талабынан басталды. Сотталушылар мен олардың туыстары БАҚ өкілдерін «істі бір жақты көрсетіп жатырсыңдар. Екі айдан бері шындық айтылғанда қайда жүрдіңдер» деп айыптады. Журналистер ашық сот екенін айтып, залдан шықпайтындарын айтты.

Сотталушы Хасан Қасымбаев өзі отырған кабина әйнегін ұрып сындырып, сот хатшыларына «журналистерді залдан шығар» деп айқайлады. Арнайы жасақ пен полиция үнсіз оның бұл әрекетін сырттай үнсіз бақылап тұрды. Ulysmedia тілшісі айыпталушылардың сот қызметкерлерін айқайлап шақырып, нұсқау жасап жүргенін байқады. Осыдан кейін сот хатшылары журналистерді залдан шығарды. Қасымбаев пен туыстарының нұсқауымен залда «Orda.kz» және «Спутник» сайттарының журналистері ғана қалдырылды. БАҚ өкілдері үкімді көршілес залдан бақылады.

Үкім

Залдағы даудан кейін үкім уақытынан кеш оқылды. Сот шешімімен айыпталушылар 8 жылдан 22 жылға дейін сотталды. Атап айтқанда, Хасан Қасымбаев 12 жылға, Сайлау Ақтанов 8 жыл 6 айға, Данияр Асқаров пен Руслан Әлиев 8 жылға, Мадияр Қалымжанов 9 жыл 6 айға, Нұрмұхамет Сұлтанбеков 22 жылға сотталды.

Бұған дейін, соңғы сөзінде Хасан Қасымбаев өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол «іс халықты тыныштандыру үшін ойдан құрастырылды» деген.

Залдан шыға алмай қалған журналистер

Үкім оқылып біткеннен кейін, журналистердің залдан шығуына арнайы жасақ кедергі жасады. Олар есікті жауып, тілшілердің жолын бөгеді. Сот ғимаратынан процеске қатысушылар шығып кеткеннен кейін ғана журналистердің далаға шығуына мүмкіндік берді.

Үкіммен келіспеген адвокаттар

Журналистерді залдан шығаруды талап еткен Хасан Қасымбаевтың қорғаушылары үкімнен кейін БАҚ өкілдеріне үкіммен келіспейтіндерін айтты. Олар «алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіреміз» деді.

«Бір жәбірленуші Хасан Қасымбаевқа ешқандай талап қойып отырған жоқ. Оған кешірім берді. Бірақ сот оны ескерген жоқ. Үкім шықпай жатып Қасымбаевқа баға берілген. Ал Қасымбаевтан бөлек отырған бес сотталушы жазасын алып, өтеп жатқан адамдар ғой. Үкім жаңа мән-жай анықталды деп бұзылып отыр. Хасан ақталуы керек еді. Себебі екі жәбірленуші бойынша дәлел табылмады. Тәжиев (жәбірленуші) 2016 жылы болған, одан бері тоғыз жыл өтті. Әлимов (жәбірленуші) бойынша іс 2021 жылдан бері төрт жыл өткен. Хасан Қасымбаев кінәлі болса істі сол кезде қозғамай ма. Сол сәтте жауапкершілікке тартылмай ма», – деді адвокат Гүлмира Бабажанова. 

«Мені балағаттады, қорлады»

Сот үкімінде іс бойынша жәбірленуші деп танылған Арман Әлимовтың тарапы келмеді. Бұған дейін оның анасы Күнайым Әлимова Ulysmedia-ға кейінгі сот процестеріне бармай жүргенін айтқан. Ол сотталушылардың туыстары дөрекі сөйлеп, бірнеше рет жанжалға итермеледі деген.

«Олар айқайлады, мені балағаттады, қорлады. Маған сөз сөйлеуге мүмкіндік те бермеді. Судья жағдайды бақылауда ұстай алмады... Сондықтан мен тек үйде отырып, онлайн қарап отырдым. «Құдай сақтасын, бармағаным жақсы болды» деп ойладым. Барсам, жүрек талмасымен ауруханаға түсетін едім», –деген сол уақытта Әлимова.

Шерзат Полаттың өлімі және «Хутор» бандасы

«Хутор» қылмыстық тобы мен Хасан Қасымбаевтың аты 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен кейін айтыла бастаған. Сол уақытта марқұмның туыстары Шерзат Полатты «өлтірген» адамдардың «Хутор» бандасымен қатысы барын айтқан.

Полиция Талғар ауданында ешқандай қылмыстық топ жоқ деп мәлімдеген. Хасан Қасымбаев 2024 жылы 4 қарашада ұсталған. Оның үстінен 2021 жылы болған оқиға бойынша іс қозғалып, «адам ұрлау», «бопсалау», «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» баптары бойынша айып тағылған.

Қоғамдық резонанстан кейін 2024 жылы 15 қазанда Хасан Қасымбаевтың туысы Аслан Қасымбаев қызметінен кеткен. Ол Талғар ауданы әкімінің аппаратын басқарған. Ресми сот деректеріне сәйкес, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев атышулы «Қорғас ісі» бойынша «куәгерді өлтірді» деген айыппен түрмеде отыр.