Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі ең көне спорт нысандарының бірі – «Шахтер» стадионының болашағына тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әкімнің айтуынша, 1958 жылы салынған стадион бүгінде кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр.
- Алаңды толық жөндеп шықтық. Енді келесі жылы сыртқы және ішкі инфрақұрылымын жаңартамыз. Стадионның сыйымдылығы шамамен 20 мың адам. Мұндай нысан республикалық жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді, сондықтан оны сақтап, жаңарту – маңызды міндет, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс басшысы кәсіпкер Тимур Турловтың өңірде футбол академиясын салып жатқанын атап өтті. Академия аумағында үшеуі де футболға арналған үш стадион бой көтереді, олардың бірі — 3,5 мың көрерменге арналған жабық арена.
Бұдан бөлек, облыс әкімдігі 12–15 мың адамға арналған жаңа жабық стадион салуды жоспарлап отыр.
- Бұл жоба 72 гектар аумақта орналасқан спорттық кластерде жүзеге асады. Қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылайша, өңірде заманауи футбол инфрақұрылымы қалыптасып, оның нәтижесін жақын жылдары көреміз, — деді Бөлекбаев.