Қарағанды облысы жақын арада республикалық бюджетке қаражат аударатын донор аймаққа айнала қоймайды. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әкімнің айтуынша, облыстың өз кірістері шамамен 400 млрд теңге болса да, шығындары үлкен, сондықтан аймақ әлі де республикалық трансферттерге тәуелді.
- Бюджетіміз – шамамен 900 млрд теңге. Қазіргі жағдайда донор болуға әлі ерте. Бізге тек қазіргі кәсіпорындармен шектелмей, жаңа өндірістер ашу қажет. Қарағанды облысын - өз-өзін қаржылай қамтамасыз ететін аймаққа айналдыру – біздің мақсатымыз, бірақ нақты уақытын айту қиын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сарапшылар атап өткендей, ірі өнеркәсіп пен кен өндіру экономикаға серпін берсе де, бюджеттік тәуелділікті бірден жоя алмайды.
КОНТЕКСТ
Қарағанды облысының экономикасы тұрақты өсімін сақтап отыр. Биылғы 10 айда инвестициялар 932,9 млрд теңгеге жеткен, ал өнеркәсіп өндірісі рекордтық 4 трлн теңге болды. Әкім Ермаганбет Бөлекпаевтың айтуынша, облыс болат өндірісінде бірінші, көмір өндіру мен картоп өсіруде екінші, жұмыртқа өндірісінде үшінші, ал дән жинауда төртінші орынға ие. Жұмыссыздық деңгейі ел бойынша ең төмендердің бірі – 4%.