Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың отбасы мен жақтастары наразылық акциясын өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.
НАРАЗЫЛЫҚ ПЕН ЖАЗА
Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шерзаттың Ulysmedia-ға айтуынша, 13 қарашада Ұйғыр ауданында Қытаймен арадағы шекара бекетіне жақын аумақтағы жол бойында наразылық акциясын өткізген.
«Әлімнұрды ұстаған шекараға шақын аумақта [наразылық акциясы] болды. Жалпы, он тоғыз адамды ұстады. Алты адамға айыппұл салды. Он үш адам сотталды. Екі адам он бес күнге, үш адам он күнге, қалғандары жеті күнге қамалды», – деді ол.
Гүлдәрия Шерзаттың сөзінше, наразылық акциясында күйеуі Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, үндеу жасаған.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, жиналғандар Қытай туы мен мемлекеттік басшысы Си Цзиньпиннің суретін өртеген. Наразыларға полиция қызметкерлері келіп, тарауларын сұрағаны байқалады.
Наразылық акциясына тіркелмеген «Атажұрт» партиясының белсенділері де қатысқан.
«Әлімнұр Тұрғанбайды жүз жиырма қанша күннен бері себепсіз тұтқындап, түрмеде ұстап отыр. Әлімнұр Тұрғанбайдың Қазақстан азаматы екені, оның жұбайының, бала-шағасының Қазақстан азаматы екені толық дәлелденіп тұр. Соған қарамай, Қытай біздің тәуелсіздігімізді мойындамай, Қазақстан Республикасы берген құжатты мойындамай, Әлімнұр Тұрғанбайды ешқандай қылмысы болмаса да тұтқындап отыр», – дейді наразылық акциясында сөйлеген белсенді Бекзат Мақсұтқан.
Наразылық акциясынан кейін Бекзат Мақсұтқан-15, Марғұлан Нұрданғазы -10, Беледхан Қабыләшім -7, Бейсенәлі Ақжігіт -7, ҚанатТұрдыбай -10, Бақытнұр Нұрмұхан - 7, Батылбек Байғазы -7, Тұрсынбек Қаби -15, Еркінбек Нұрақын -7, Ербол Нұрлыбаев -15, Ерғали Нұрлыбай -7, Нұргелді Нұрсапа -7 тәулікке қамалған. Олардың барлығы әртүрлі аудандарға жіберілген.
ПОЛИЦИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ
Алматы облысының полиция департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда, заңсыз митинг өткізгені үшін он екі адам 434-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, он бес тәулікке қамалған. Тағы алты адамға 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салынған.
«Полиция мемлекеттік рәміздерге кез келген қол сұғушылық, сондай-ақ араздықты қоздыруға және қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға бағытталған кез келген іс-әрекет заңның өрескел бұзылуыболып табылатынын қатаң ескертеді және мұндай фактілердің қатаң жолын кесетін болады», –делінген облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Ulysmedia коллажы
ҰСТАЛУ
48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілдеде Қытайға жүк көлігін айдап өтіп, шекарада ұсталған. Сол уақытта Гүлдәрия Шерзат Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне шағымданған. Әлімнұрдың оқиғасы туралы Ulysmedia бірнеше рет жазған.
Қазақстанның Пекиндегі елшілігі Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталуына байланысты Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының сыртқы істер басқармасына, қоғамдық қауіпсіздік мекемесіне, Іле-Қазақ автономиялық облысының сыртқы істер басқармасы мен шекара және көші-қон мекемесіне хат жолдаған.
Тамызда Қытай тарапы Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталғанын растаған. Қытай жағының Қазақстан билігіне жолдаған жауабында Әлімнұр Тұрғанбайдың әлі де Қытай азаматы екені, Қытайда қос азаматтық жоқ екенін айтқан.
Сол уақытта Қазақстанның Қытайдағы консулдығының Гүлдәрия Шерзатқа берген жауабында:
«Қытайлық тараппен өткізілген тиісті келіссөздің нәтижелері бойынша 2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасы Қытайдың «Азаматтық туралы» заңының ережелеріне сәйкес, Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмағанын және Қытай азаматтығынан автоматты түрде айырылу шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Осыған байланысты ол әлі күнге дейін ҚХР азаматы мәртебесін сақтап отырғанын жеткізіп, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткенін жеткіземіз», – деп жазылған.
Әлімнұр Тұрғанбай Қазақстанға отбасымен бірге 2016 жылы көшіп келген. Үш қызы бар. Өзі де, балалары мен әйелі де 2017 жылдан бері Қазақстан азаматы.
ҚЫТАЙДАҒЫ ҚЫСЫМ
Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымының дерегінше, 2017-21 жылдар аралығында Шыңжаңда 540 мыңнан астам адам сотталған.
БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде Қытай үкіметі Шыңжаңда бір миллиондай ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және басқа да мұсылман адамдарды «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» жапқанын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Шыңжаңда аз ұлттардың құқығын аяқ асты ететін саясат жүріп жатыр деп Қытай билігін сынаған. Ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, оны «экстремизммен күрес», ал ұсталғандар қамалған лагерьлерді «кәсіпке баулитын орталық» деп атаған.
ҚАЗАҚСТАН РЕАКЦИЯСЫ
Қытай — Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесінің бірі. Кейінгі жылдары Астана мен Пекин арасындағы саяси-экономикалық әріптестік күшейіп келеді. Қазақстандық және шетелдік саясаттанушылар «Қазақ-қытай қатынасында Пекиннің ықпалы басым, Астананы шығыстағы алып мемлекет өзіне кіріптар етіп ұстағысы келеді» деп есептейді. Қазақстан билігі мен елдегі мемлекеттік басылымдар Шыңжаңда қысым көрген қазақтар тақырыбын қозғамауға тырысады. Астана оны «Қытайдың ішкі ісі» деп атаған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда «Неміс толқыны» арнасына берген сұхбатында «Шыңжаңда қазақ ұлтының өкілдері қысым көріп жатыр деген ақпараттың көбі шындыққа жанаспайды. Қазақстан геосаяси текетірестің ойын алаңына айналмауға тиіс»деген.