Қарағандыда жоғалған тапанша үшін жұмыстан шыққан үш полицей бұрынғы басшысын сотқа берді

Динара Жарқынбек
gov.kz

Қарағандыда қызметінен босатылған үш полицей өздерінің бұрынғы басшылығын сотқа бергенімен, талаптары қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. 

МӘН-ЖӘЙ 

Даудың басы 2025 жылдың наурызында басталған. Жедел-тергеу тобына кірген үш қызметкер тергеу іс-шаралары кезінде тапанша тәркілеп, алғашқы тексеру аяқталғаннан кейін қару жоғалып кеткен. Осы оқиғадан кейін полицейлер қызметтік тәртіпті өрескел бұзды деген негізбен жұмыстан шығарылған. 

Жұмыстан босатылған қызметкерлер сотқа жүгініп, бұйрықты заңсыз деп тануды, қызметке қайта орналастыруды және жұмыссыз жүрген уақыттағы жалақыны өндіріп беруді сұраған. Олардың айтуынша, қолданылған жаза жағдайға сай емес, тым ауыр болған.

Алайда Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты талап-арызды қарастырып, шағымды қанағаттандыруға негіз жоқ екенін анықтады. Бұған келіспеген полицейлер апелляциялық шағым түсіргенімен, жоғары саты да алғашқы шешімді күшінде қалдырды.

Осылайша, соттың екі инстанциясы да полицейлердің жұмыстан босатылуын заңды деп тапты.