RAMS Qazaqstan құрылыс компаниясы Қазақстандағы ең биік тұрғын үй болуы тиіс 40 қабатты Beyond Almaty мұнарасын салмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Биіктікке жете алмады
Компанияның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде RAMS Qazaqstan жобадан толық шығу туралы шешім қабылдағаны айтылған. Бұған дейін компанияның аталған нысанның бас мердігері болуы жоспарланған еді. Бұл шешім қыркүйек айында қабылданған.
— Компания девелопмент саласындағы басқа да маңызды бастамаларын іске асыруды жалғастырады. Біз сапа стандарттарын және тұрақты даму қағидаларын ұстануды тоқтатпаймыз, — деді RAMS Qazaqstan өкілдері.
Компания Алматының болашағына инвестиция құюды әрі сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай нысандар салуды жалғастыратынын атап өтті.
Алаңдаушылық тудырған белгілер
Бұл ретте әлеуметтік желі қолданушылары компанияның соңғы әрекеттері күмән тудыратынын айтады. Алматы тұрғынының сөзінше, RAMS City тұрғын үй кешенінің атауынан кенеттен құрылыс компаниясының бренді алынып тасталған.
— Олар ресми Instagram-парақшасын да жойып жіберді, жарнамалық тақтайшалар мен барлық баннерлерді алып тастады. Бәрі бірдеңе болып жатқанын көрсетеді. Не ойлап отырғандарын білмеймін, бірақ елден кетіп, банкроттық жариялауы мүмкін деген күдік бар, — дейді Threads қолданушысы.
Алматылықтар компания өзге жоспарланған жобаларды да біртіндеп тоқтатып жатқанын байқаған.
— RAMS әл-Фараби — Достық қиылысындағы шағын жер теліміне бизнес-орталық салмақ болған. Бірақ өткен аптада ол жерден RAMS логотиптері түгел жоқ болып кеткен. Қазір қоршауында жер сатылады деген хабарландыру тұр, — дейді қала тұрғыны.
Beyond Almaty жобасы несімен танымал?
Beyond Almaty жобасы 2025 жылдың мамырында үлкен таныстырылыммен жарияланған еді. Презентацияға танымал түрік актері Бурак Өзчивит қатысқан. Тимирязев — Сейфуллин қиылысында 40 қабатты апартаменттер, бизнес-аймақтар, демалыс орындары және бес жұлдызды қонақүйі бар ғимарат салынуы тиіс болатын. Жалпы ауданы 274 мың шаршы метр деп жоспарланған.
Beyond Almaty Қазақстандағы ең биік тұрғын үй ретінде таныстырылған. Жобаға АҚШ, Түркия және Қазақстан компаниялары қатысады деп хабарланған. Алайда алматылықтар мұндай бастаманы құптай қоймады: тұрғындар Тимирязев — Сейфуллин ауданында құрылыс тым тығыз екенін атап өткен.
Көп ұзамай жобаның болашағы бұлыңғыр бола бастады. Алматы әкімдігі құрылыс салушыға заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берді — компания ғимаратқа рұқсат алмай тұрып-ақ дайындық жұмыстарын бастағаны анықталды. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Beyond Almaty құрылысшысын котлованды жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз және рұқсат құжаттарынсыз қазды деп айыптады.