Қазақстандағы АЭС-тің атауы белгілі болды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандағы АЭС-тің атауы белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстанда елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс аяқталды. 

АЭС АТАУЫ

Конкурс комиссиясының қорытынды отырысының нәтижесі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған «Балқаш» атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылды. Таңдалған атау атом электр станцияларын географиялық белгі бойынша атау жөніндегі халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді.

КОНКУРС

Барлығы конкурсқа 16 жастан асқан 27 157 Қазақстан азаматы қатысты. Әр қатысушыда бір ғана атау ұсыну мүмкіндігі болды.

2025 жылғы 5 қыркүйекте құрамына қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кірген Конкурс комиссиясы құрылды.

Түскен барлық өтінімдерден 10 460 бірегей нұсқа анықталды. Өңдеу барысында кириллица, латын әрпі және мағыналас сөздер сияқты жазудың түрлі формалары да ескерілді.

Конкурс комиссиясының отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш» атом электр станциясы» атауын 882 азамат ұсынды және ол танымалдығы бойынша қорытынды рейтингте бірінші орын алып, конкурс жеңімпазы атанды.

Сонымен бірге Конкурс комиссиясы нысанның орыс және ағылшын тілдеріндегі атауларын анықтады:

- «Атомная электростанция «Балхаш»»;

- «Balkhash Nuclear Power Plant».