Қытай туын өртеген белсенділер ісі: Астанада тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясының тағы төрт мүшесі ұсталған

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, Алматы облысының Ұйғыр ауданында Қытай туын өртеп, әкімшілік қамауға алынған тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясы мүшелерінің туыстары мен жақтастары оларды босатуды талап етті. Белсенділерге тағылған айыппен де, сот шешімімен де келіспейтіндерін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Астанадағы ұстау мен айып

17 қарашада адам құқықтарын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында заңгер Нәзигүл Мақсұтхан наразылық акциясынан кейін тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясының белсенділерін жаппай ұстау болғанын айтты. Оның сөзінше, акцияға қатысқаны үшін ұсталған 12 адамнан бөлек, Астана қаласында да партия жақтастары әкімшілік қамауға алынған.

«Астана қаласы мен маңындағы төрт мүшемізді қамаған. Әкімшілік қамауға алынған. Оларды 15 қараша күні үйлерінен ұстап әкеткен. Ахат Мұхаммедке сол 15 қарашада қаулы шыққан. Қалған үш мүшемізді бір тәулік бойы полиция бөлімінде ұстаған. Бір тәуліктен кейін оларды он тәулікке әкімшілік қамауға алды», – деді ол.

Нәзигүл Мақсұтханның айтуынша, Астанада қамауға алынған екі белсендіге «Нағыз Атажұрт» партиясының АҚШ-та тұратын жетекшісі Серікжан Біләш пен Францияда тұратын оппозициялық саясаткер, «ҚДТ» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әбілязовтың әлеуметтік желідегі парақшасында заңсыз митингке шығуға үндеп, жазба қалдырдың деген айып тағылған. Ол мұны саяси қысым деп есептейді.

Наразылық акциясы және қамау

13 қарашада Алматы облысының Ұйғыр ауданында Қытай шекарасына жақын маңда тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясының белсенділері мен Әлімнұр Тұрғанбайдың туыстары наразылық акциясын өткізген. Олар Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, Қытайдың туы мен мемлекеттік басшысы Си Циньпиннің суретін өртеген.

Осыдан кейін  облыстық полиция департаменті заңсыз митинг өткізгені үшін он екі адам 434-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамалғанын хабарлаған. Тағы алты адамға 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салынған.

«Полиция мемлекеттік рәміздерге кез келген қол сұғушылық, сондай-ақ араздықты қоздыруға және қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға бағытталған кез келген іс-әрекет заңның өрескел бұзылуыболып табылатынын қатаң ескертеді және мұндай фактілердің қатаң жолын кесетін болады», –делінген сол уақытта облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.

«Наразылық акциясын өткізуге мәжбүр болдық»

Бүгінгі жиынға биыл шілдеде Қытайға жүк көлігін айдап барып, шекарада ұсталған Әлімнұр Тұрғанбайдың туыстары да қатысты. Олар төрт айдан бері Әлімнұрдан хабар ала алмаған соң, тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясының белсенділерімен бірге наразылық акциясын өткізуге мәжбүр болғандарын айтты.

Әлімұр Тұрғанбайдың қызы Нұрғиса Әлімнұрдың сөзінше, сыртқы істер министрлігі әкесінің ұсталуына байланысты Қазақстан мен Қытай тарапы бірлесіп арнайы жұмыс тобын құрғанын айтқан. Бірақ ол жұмыс тобы немен айналысып жатқанынан бейхабармын дейді.

«Мен сыртқы істер министрлігі [өкілдерімен] кездесу өткізіп келдім. Ол кісілер айтады, 2018 жылы 4-ші сәуірде әкең қандай да бір құқық бұзушылық әрекет жасаған деп. Әкем 2016 жылы көшіп келді. 2017 жылы азаматтық алған. 2025 жылдың 23 шілдесіне дейін Ұзынағаш аулында тұрып жатқаны туралы баянат бар», – деді ол.

Қытайда ұсталған Әлімнұр Тұрғанбайдың оқиғасы

48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілдеде Қытайға жүк көлігін айдап өтіп, шекарада ұсталған. Сол уақытта Гүлдәрия Шерзат Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне шағымданған. Әлімнұрдың оқиғасы туралы Ulysmedia бұған дейін бірнеше рет жазған. 

Қазақстанның Пекиндегі елшілігі Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталуына байланысты Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының сыртқы істер басқармасына, қоғамдық қауіпсіздік мекемесіне, Іле-Қазақ автономиялық облысының сыртқы істер басқармасы мен шекара және көші-қон мекемесіне хат жолдаған.

Тамызда Қытай тарапы Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталғанын растаған. Қытай жағының Қазақстан билігіне жолдаған жауабында Әлімнұр Тұрғанбайдың әлі де Қытай азаматы екені, Қытайда қос азаматтық жоқ екенін айтқан.

Сол уақытта Қазақстанның Қытайдағы консулдығының Гүлдәрия Шерзатқа берген жауабында:

«Қытайлық тараппен өткізілген тиісті келіссөздің нәтижелері бойынша 2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасы Қытайдың «Азаматтық туралы» заңының ережелеріне сәйкес, Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмағанын және Қытай азаматтығынан автоматты түрде айырылу шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Осыған байланысты ол әлі күнге дейін ҚХР азаматы мәртебесін сақтап отырғанын жеткізіп, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткенін жеткіземіз», – деп жазылған.

Қытайдағы қысым

Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымының дерегінше, 2017-21 жылдар аралығында Шыңжаңда 540 мыңнан астам адам сотталған.

БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде Қытай үкіметі Шыңжаңда бір миллиондай ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және басқа да мұсылман адамдарды «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» жапқанын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Шыңжаңда аз ұлттардың құқығын аяқ асты ететін саясат жүріп жатыр деп Қытай билігін сынаған. Ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, оны «экстремизммен күрес», ал ұсталғандар қамалған лагерьлерді «кәсіпке баулитын орталық» деп атаған.

Қазақстан реакциясы

Қытай — Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесінің бірі. Кейінгі жылдары Астана мен Пекин арасындағы саяси-экономикалық әріптестік күшейіп келеді. Қазақстандық және шетелдік саясаттанушылар «Қазақ-қытай қатынасында Пекиннің ықпалы басым, Астананы шығыстағы алып мемлекет өзіне кіріптар етіп ұстағысы келеді» деп есептейді. Қазақстан билігі мен елдегі мемлекеттік басылымдар Шыңжаңда қысым көрген қазақтар тақырыбын қозғамауға тырысады. Астана оны «Қытайдың ішкі ісі» деп атаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда «Неміс толқыны» арнасына берген сұхбатында «Шыңжаңда қазақ ұлтының өкілдері қысым көріп жатыр деген ақпараттың көбі шындыққа жанаспайды. Қазақстан геосаяси текетірестің ойын алаңына айналмауға тиіс»деген.