Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге үлестірілген жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді. Былтыр ғана берілген баспаналар бір қысқа да төтеп бере алмай, қабырғалары жарыла бастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тұрғындардың айтуынша, кей жерлерде жарықшақтың арасына адамның қолы еркін сыяды. Үйдің іші үнемі салқын, терезеден жел ұрып тұратындықтан, тұру мүмкін емес дейді жұрт.
“Информбюро” жаңалықтар қызметінің мәліметінше, жаздан бері халық шағымдарын мердігерге де, әкімдікке де талай жеткізген. Алайда проблеманы шешуге асыққан ешкім болмай тұр.
Былтырғы су тасқынында баспанасынан айырылып, жаңа үйге ие болған Максим Черников та сапасыз құрылысқа наразы. Үш айда салынған үй бір жыл өтпей қирай бастағанын айтады. Қабырға жарылған, терезе арқылы суық ауа үздіксіз соғады — мұндай жағдайда күн көру мүмкін емес дейді ол.
Тұрғындардың сөзінше, кемшіліктерді алғаш жазда-ақ байқаған. Содан бері жауаптыларға бірнеше рет айтқанымен, үйлерді қайта қалпына келтіретін адам болмай отыр. Оның үстіне, жаңа баспаналардың кепілдік мерзімі аяқталуға жарты жыл ғана қалған.
Тұрғындар көтерген мәселеден кейін қаланың әкімі жағдайды өз көзімен көруге келген. Оның айтуынша, «кейбір үйлерде ғана ұсақ кемшіліктер бар» және олар жақын арада жөнделеді.
- Үй салқындау. Үйдің ішінде жел үрлеп тұратын сияқты. Себебі төбе жылытылмаған. Шағымдандық. Ешкімнен көмек болған жоқ. Екі рет келіп қарап кетті нәтиже жоқ, дейді Петропавл қаласының тұрғыны Қарашаш Майқанова.
БИЛІК НЕ ДЕЙДІ
- Барлығы жаман деп айтуға болмайды. Кейбір үйлерде олқылықтар анықталып жатыр. Бірақ бұл үй құлайын деп тұр деген сөз емес. Ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарын жүргізу керек жағдайлар бар. Жер үй болған соң іргетасы отырып, қабырғалары қозғалады. Оның барлығын бригада құрып, реттейтін боламыз. Алаңдауға негіз жоқ, дейді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Алайда шенеуніктер байқамаған «ұсақ олқылықтар» тұрғындардың жүйкесін жұқартуда. Жұрт үйге толық жылу беріліп, кемшіліктер түзетілмейінше, бұл мәселені көтеруді жалғастыратынын айтады.