Тұрғындармен кездесуде балағат сөз айтқан әкім: ШҚО басшысы қандай жаза тағайындалғанын айтты

Динара Жарқынбек
Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында тұрғындармен өткен кездесуде ауыл әкімінің қатты дауыстап, былапыт сөз қолданған сәті әлеуметтік желіде таралып, қоғамда наразылық туғызды. Оқиғаға байланысты өңір басшысы ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

ОКҚ-дегі брифингте ШҚО басшысына журеалистер Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеуханның тұрғындармен жанжалдасып, бір сәтте бейәдеп сөз айтқанын еске салып, оған қандай жаза тағайындалғанын сұрады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік қызметшілердің мұндай әрекеті ешқандай ақтауға келмейтінін айтты.

Әкімнің айтуынша, инциденттен кейін бірден тексеру жүргізіліп, бірнеше лауазымды тұлғаға жаза тағайындалған.

- Әрине, мемлекеттік қызметкер тарапынан мұндай жағымсыз әрекеттерге мен қарсымын. Оқиғадан кейін дереу қызметтік тексерулер болды. Мемлекеттік қызмет департаменті мәселені қарап, бізге ұсыным берді. Сол ұсынымға сәйкес ауыл округінің әкімі мен Спорт басқармасының басшысы қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар менің орынбасарым мен аудан әкімі де жауапкершілікке тартылды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс басшысы мұндай тәртіпсіздік мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.

ВИДЕО

Әлеуметтік желіде тараған видеода ауыл әкімі қабылдауға келген ауыл тұрғындарымен дөрекі сөйлесіп, былапыт сөздер айтқанын көруге болады. Жиналыста ауыл тұрғындарынан бөлек полиция қызметкері де болған.