Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте шетелдік компанияларға бизнес жүргізу үшін берілген жер көлеміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әкімнің айтуынша, өңірде қытайлық капиталы бар немесе ортақ құрылтаймен жұмыс істейтін шамамен 250 компания бар. Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден тек бір ғана компания учаске алған және шамамен 1,5 мың гектарды игеріп жатыр. Бұл – мал азығын өсіруге бағытталған ірі жоба. Сұлтанғазиев өзге кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлері берілмегенін атап өтті.
— Қонаевта туризмді дамыту үшін белгілі бір жер телімдері бөлінді. Сондай-ақ СПК-мен бірлесіп тұрғын үй салып жатқан ортақ компания бар, бірақ ол жер телімінің иесі болмайды. Бұдан бөлек, ұсақ жобалар бар шығар, алайда олардың ауыл шаруашылығы жерін беруімен еш байланысы жоқ, бұл – инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты, — деді әкім.
Ал ауыл шаруашылығына жатпайтын санаттар бойынша шетелдік компанияларға берілген жер көлемін Сұлтанғазиев дәл айта алмады. Ол бұл ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарына жазбаша түрде жолданатынын мәлімдеді.