Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 3,5 жастағы Зере Есентайдың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша қозғалған іс қаралып жатыр. Бүгін сотта Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасының директоры Надежда Хоннан жауап алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Директор әрі клиника құрылтайшысы сот залына денсаулығына байланысты келген жоқ. Оның адвокаты Вероника Кимнің айтуынша, Хон видеобайланыс арқылы қатысып отыр. Стоматология директоры өзі туралы видео түсіруге рұқсат бермеді. Сот барысында белгілі болғандай, Хон 2022 жылдан бері ортодонт-дәрігер ретінде жұмыс істейді, ал қазан айынан бастап осы клиниканы басқарып келеді.
– Ол күні мен жұмысқа сағат екілер шамасында келдім. Шамамен 13:40-та киімімді ауыстырып жатқанда, маған «пациент оянбай жатыр» деді, – деді Надежда Хон.
Оның айтуынша, клиника дереу жедел жәрдем шақырған. Алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек болғанын, тіпті баланы тірілту үшін 17 ампула адреналин қолданғанын айтты.
Сонымен бірге, Хонның сөзіне қарағанда, тергеу барысында клиникаға үш рет әкімшілік айыппұл салынған. Айыптау тарапы клиника жұмысын тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталғанын жеткізді. Сотта марқұм қыздың отбасының мүддесін қорғайтын адвокат Руслан Айтжанов медициналық құрылғыларда көмірқышқыл газы деңгейін өлшейтін жүйе болмағанын айтты.
– Видеоға тіркелген мәлімет бойынша, пациент мониторы мен наркоз-тыныс алу аппараты капнография жүйесімен жабдықталмаған. 72–73-беттерде егер анестезия кезінде өмірлік маңызды көрсеткіштер бақылауда болмаса, соның ішінде капнография жоқ болса, ми ісінуі сырттай бәрі қалыпты көрінгенімен дамуы мүмкін деп көрсетілген, – деді адвокат.
Бұл ақпарат 2025 жылдың 20 қаңтарындағы медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің актісінде көрсетілген. Оның негізінде 2025 жылдың 1 тамызында комиссиялық сараптама қорытындысы жасалған.
– Бұл фактілердің барлығы расталды. Дегенмен капнографқа қатысты сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Ол болған ба және дұрыс жұмыс істеген бе? – деді Айтжанов. Ол осы мәселені нақтылау үшін клиникада көшпелі сот отырысын өткізуді сұрады.
Сот барысында Хон капнограф болғанын мәлімдеді. Алайда адвокат Сагынғали Елеуов қойған басқа сұраққа жауап бере отырып, тексеру актісінде бұл құрылғы жөнінде не жазылғанын білмейтінін айтты.
– Мен ол кезде медициналық техниканың ерекшеліктерін білмедім. Актідегі ақпараттың нақты қандай бөлімге қатысты екенінен хабарсыз болдым, – деді Хон.
Дәл осы Сағынғали Елеуов соттан шыққан соң журналистерге баланың өліміне себеп болған нақты жайт анықталмағанын, сондай-ақ капнографтың болмағаны жөніндегі тұжырыммен келіспейтінін жеткізді.
Сотта адвокат Руслан Айтжанов клиникадағы басқа медициналық құрылғылар туралы да сұрақ қойғанда, Хонның жауабы: «Білмеймін» деумен болды.
КОНТЕКСТ
Іс материалдарына сәйкес, анестезиолог-дәрігер Аида Жұмағалиева 2024 жылдың 30 қазанында қызметтік міндетін бұзып, қарсы көрсетілімдерге қарамастан, кәмелетке толмаған баланы ұзақ уақыт жалпы седациямен емдеуге жіберген. Соның салдарынан бала көз жұмған.
Марқұм Зеренің әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, анасы баласын Dent Park Ortho клиникасына севоран препаратымен анестезия жасап, тісін емдетуге апарған. Алғашқы жоспар бойынша 9–11 тіс емделуі тиіс еді. Алайда седация басталғаннан кейін ата-ананы операциялық бөлмеге шақырып, қосымша тістерді емдеу қажеттігін хабарлаған. Нәтижесінде дәрігер 20 тістің 18-ін емдеу туралы шешім қабылдап, операция 3,5 сағаттан астам уақытқа созылған. Процедура құны 500 мың теңге болған.
Айыпталушының адвокаты БАҚ-қа оның қорғауындағы дәрігер тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.