Ақтөбеде жанармай бекетінде атыс болды

Сырым Қаржас
Видео кадры

Ақтөбеде жанармай құю бекетінде болған атыс салдарынан бір адам жараланды. Қарулы адамды құрықтау үшін полиция қаладағы ең қарбалас көшелердің бірін толықтай жабуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

КТК мәліметінше, алдын ала мәлімет бойынша, екі азамат жанармай бекетінің маңында сөз таластырып, дауды бетпе-бет шешпек болған. Алайда кездесуге мылтықпен келген күдікті қарсы тарапқа бірнеше рет оқ атқан. Аяғы мен қолынан жарақат алған ер адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Қару ұстаған күдіктіні ұстау барысында тәртіп сақшылары оннан астам полиция көлігін тартты. Көшенің дәл ортасында жүргізілген арнайы операция тұрғындарды алаңдатты: кейбірі абдырап, балаларының қауіпсіздігін ойлап, оларды шетке алып кеткен.

Оқиға кезінде қала орталығындағы көлік қозғалысы толық тоқтап, әдетте халық көп жүретін көше бос қалды. Қазір күдікті тергеу органдарына жеткізілді, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

— Полиция Ақтөбе қаласында автожанармай құю станцияларының бірінің аумағында жасалған бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Оқиға орнында жедел тергеу тобының қызметкерлері пневматика қаруды тәркіледі. Жедел іс-шарада күдіктінің жеке басы анықталды, қазір оны ұстау және сотқа дейінгі тергеу органына жеткізу жүргізіліп жатыр, дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.