Алматы метросында жолаушылар шұғыл эвакуацияланды

metroalmaty.kz

5 қараша күні таңертең Алматы метросының жолаушылары эвакуацияланды. Пойыздар қозғалысы уақытша тоқтатылды. Бұған «Райымбек батыр» станциясында бір әйелдің жарылғыш зат бар екені туралы хабарлауы себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Станцияға кіру уақытша шектелгені туралы қала тұрғындары алдымен Threads желісінде жаза бастады. Кейін метро әкімшілігі қызметкерлерге жарылыс қаупі туралы хабарлама түскенін растады.

– «Райымбек батыр» метро станциясында бір әйел қызметкерлерге жарылғыш зат бар екенін хабарлаған. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарын тарта отырып, шұғыл түрде қажетті шаралар қабылданды, – деп хабарлады тасымалдаушының баспасөз қызметі.

Ұсталған әйел туралы не белгілі?

Әйелді полиция қызметкерлері ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрады.

Осы уақытта мамандар станцияны тексерді. Алайда ешқандай жарылғыш зат немесе күдік тудыратын бұйым табылған жоқ.

Тексеру аяқталғаннан кейін метро қалыпты жұмыс кестесіне көшті.