Батыс Қазақстан облысында боран кезінде төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Полиция мәліметінше, 13–14 желтоқсаны аралығында ауа райының күрт нашарлауына байланысты облыстың оңтүстік аудандарындағы 10 автожолда (Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандары) көлік қозғалысы тоқтатылды. Оның ішінде екі бағытта жүк және жолаушылар көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.
13 желтоқсан күні сағат 20:00-де алғаш болып «Қазталовка – Жәнібек – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолы жабылды. Кейіннен басқа да автожолдарда қозғалыс кезең-кезеңімен тоқтатылды.
Жолдарды жабу жұмыстарына 54 полиция қызметкері және 27 бірлік техника жұмылдырылды.
Автожолдарда көріну деңгейінің төмендеуіне байланысты полиция қызметкерлері «Чапаево – Жалпақтал – Қазталовка» автожолында көлік құралдарын ілесіп жүруді ұйымдастырды. Нәтижесінде 100-ден астам автокөлік ең жақын елді мекендерге дейін қауіпсіз жеткізілді.
ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР
Сондай-ақ Теректі ауданы тарапынан (Федоровка ауылы) Орал қаласына дейінгі «Подстепное – Федоровка – Ақсай» автожолында 60-тан астам автокөлік полицияның сүйемелдеуімен жеткізілді.
13–14 желтоқсан аралығында Жәнібек ауданы аумағында ішінде 4 адам болған жеңіл автокөлік жол жиегіндегі кюветке аударылды. Зардап шеккендердің бірі – кәмелетке толмаған. Аталған азаматтарға көмек көрсетіліп, кейін Жәнібек кентіне дейін жеткізілді.
Сонымен қатар Жәнібек ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдан адасып, байланыссыз қалған трактор жүргізушісі мен жолаушыны іздеу жұмыстары ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлерінің іздестіруі нәтижесінде олар табылып, Жәнібек кентіне жеткізілді.
15 желтоқсан күні сағат 07:00-де ауа райы жақсаруына байланысты барлық бағыттағы қозғалысқа қойылған шектеулер толық алынды.
ІЗДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ
Жоғалып кеткен 5 адамға қатысты іздестіру жұмыстарының нәтижесі:
4 адам табылды:
Жәнібек ауданы, 1968 жылы туған азамат қаза тапқан (үсіп кеткен);
Бөкей ордасы ауданы, 2000 жылы туған азамат қаза тапқан (үсіп кеткен);
Қазталов ауданы, 1990 жылы туған азамат қаза тапқан (үсіп кеткен);
Ақжайық ауданы, 1971 жылы туған азамат аман-есен, аяқ-қолдары үсік шалған, Орал қаласына жеткізілуде;
Жәнібек ауданы, 1966 жылы туған азамат қаза тапқан (үсіп кеткен).