ERG-дің шетелдік бизнесі Ибрагимовке, Қазақстандағы активтері мемлекет пен Мүтәліпке қалады

ERG

Eurasian Resources Group (ERG) халықаралық бизнесін Қазақстандағы активтерінен бөліп, құрылымын өзгертуді жоспарлап отыр. Топтың Африкадан Бразилияға дейінгі шетелдік активтерін бас директор әрі компанияның тең иесі Шухрат Ибрагимов сатып алады. Ал Қазақстандағы кәсіпорындар мемлекет пен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің иелігінде қалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Шахмұрат Мүтәліп ERG акцияларының шамамен 80 пайызына иелік етеді. Financial Times басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, мәміле осы аптаның өзінде жариялануы мүмкін екенін жазды.

Кімге қандай активтер тиесілі болады?

Financial Times дереккөздері шетелдік активтердің құнын 2 миллиард доллардан аса бағалап отыр. Шухрат Ибрагимов оларды отбасылық капитал есебінен сатып алады. Оған ірі стратегиялық серіктес те көмектеспек.

Ресеймен немесе ресейлік банктермен байланысты топтың қарыздары Қазақстандағы активтерге тиесілі бөлікте қалады.

Бөлу нәтижесінде ERG-дің Африкадағы бизнесі Қазақстан мемлекетінің бақылауынан шығып, өз алдына дербес жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Топтың Африкадағы активтеріне Конго Демократиялық Республикасындағы мыс және кобальт кеніштері, сондай-ақ Замбия, Зимбабве және Оңтүстік Африка Республикасындағы жобалар кіреді. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, бұл активтердің табысы кейінгі үш жыл қатарынан екі таңбалы қарқынмен өскен.

Конгодағы ең ірі актив — Metalkol жылына шамамен 100 мың тонна мыс өндіреді.

Бұл кейінгі жылдардағы Африкадағы тау-кен активтеріне қатысты ең ірі мәміле болмақ. Әлемде мыс бағасы сұраныстың артуы мен ірі кен орындарының сарқылуына байланысты өсіп келеді. Конгодағы мыс пен кобальт қорларына қол жеткізу үшін АҚШ бастаған бірқатар мемлекет те бәсекеге түсіп отыр.

Қазақстанда не қалады?

ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындары елдің тау-кен металлургия саласының үштен бірінен астамын қамтиды. Топ Қазақстандағы электр энергиясының бестен бір бөлігін өндіреді. Сонымен қатар Орталық Азиядағы ең ірі теміржол операторына иелік етеді.

Бұдан бөлек, ERG өңірдегі жалғыз глинозем өндіруші компания саналады. Сондай-ақ Қазақстандағы жалғыз алюминий зауыты да осы топтың құрамында. Жалпы, ERG кәсіпорындарында 67 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Бұған дейін топ ENRC атауымен белгілі болып, Лондон қор биржасында саудаланған. Ұлыбританияның Ауыр алаяқтықпен күрес басқармасы (SFO) компанияға қатысты сыбайлас жемқорлық ісін бірнеше жыл тергеген. Алайда 2023 жылы ешқандай айып тақпай, тергеуді тоқтатты.

Financial Times басылымының сауалына ERG жауап бермеген.

Контекст

Еске салайық, ERG-ді бөлу жоспары туралы Bloomberg агенттігі биыл жазда хабарлаған еді. Ол кезде агенттік дереккөздері Ибрагимовтер отбасы компаниядағы 20 пайыз үлесін халықаралық бизнеске айырбастайтынын айтқан. Сонымен бірге жаңа компанияға ERG-дің шамамен 2 миллиард доллар қарызы өтеді деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, Конгодағы жергілікті билік ERG-дің кен өндіру шарттарына қатысты бірқатар мәселе көтерген.

Бұған дейін Шахмұрат Мүтәліп Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен ERG-дегі 39,3 пайыз үлесті сатып алған. Financial Times мәліметінше, мәміле құны шамамен 1,4 миллиард доллар болған.

Мүтәліп Integra Construction KZ құрылыс компаниясына иелік етеді және Қазақстан бокс федерациясын басқарады. Сондай-ақ ол Glencore компаниясының «Қазцинк» кәсіпорнындағы үлесін сатып алуға қызығушылық танытқан.

Сізге қызық болуы мүмкін