Астанадағы «ақылды» камералардан түскен айыппұлдар қайда кетіп жатыр

Сырым Қаржас
ulysmedia.kz коллажы

2025 жылдан бастап Астанада қолданыста болған көше бейнебақылау камералары жаңа, «ақылды» фиксация құралдарына алмастырылып жатыр. Жаңартылған жүйе жылдамдықты арттыруды ғана емес, жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағанын немесе рөлде отырып телефон қолданғанын да тіркей алады.

Бұл «ақылды» камераларды Астана қаласының әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінен келген жеке инвестормен әріптестік аясында орнатып жатыр. Осыған байланысты Ulysmedia.kz Астана әкімі Жеңіс Қасымбектен мемлекет пен инвестор камералар арқылы жиналатын айыппұлдарды қалай бөлісетінін сұрады.

«Бәрін көргіш көз»

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Астана бойынша шамамен 20 мың жаңа бейнекамера орнату жоспарланған. Бұл жұмыс жақын арада аяқталады деп күтіліп отыр және әкімдік «ақылды» камералардан үлкен үміт күтеді.

– Қаладағы камералар саны іс жүзінде екі есеге артып отыр. Бұрынғы камералар 3–5 түрлі ғана заңбұзушылықты – жолақтан шығу, жылдамдықты асыру секілді жағдайларды тіркейтін. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп бұзылғанда, төбелес, жанжал кезінде жазба жүргізілетін, – деді әкім.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде Астанада адамға қарсы жасалған қылмыстардың жартысы бейнебақылау камераларының көмегімен ашылады. Ал ішінара жұмыс істей бастаған жаңа камералар қалада «ақтаңдақ» қалдырмайды деген сенім бар.

– Жаңа камералар – бұл толыққанды видеоаналитика. Тіпті мінез-құлықты да тануға қабілетті. Мысалы, жүргізушінің телефон қолданғанын немесе жолаушының белдік тақпағанын анықтай алады. Бұл айыппұлды көбейту үшін емес, қауіпсіздік үшін жасалып отыр. Телефон ұстап отырған жүргізуші – басқа азаматтар үшін үлкен қауіп, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Айыппұл – қазынаға, қазына – қарызды өтеуге

Әкімнің сөзінше, болашақта бейнебақылау жүйесі арқылы көлік ағындарын реттеп, кептелістерді азайту да жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жаңартылған жүйе қалалық бюджетке қосымша қаржы әкелетінін де жоққа шығармайды.

– Егер заңбұзушылықтар көп тіркелсе, айыппұлдар, әрине, бюджетке түседі. Ол қаражаттың 100 пайызы бюджетке аударылады. Сол есебінен бес жыл ішінде инвестор салған 53 млрд теңгені тең үлеспен қайтарамыз. Одан кейін барлық түсім толығымен бюджетке бағытталады, – деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.