Атырауда жоғалған отбасы ісі: жаңа деректер пайда болды

Сырым Қаржас
Коллаж: ulysmedia.kz

Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылынан бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына қатысты істің мән-жайы күрделене түсті. Әлеуметтік желілерде тараған жаңа ақпараттар бұл оқиғаға байланысты сұрақтарды одан әрі көбейтіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ақ жайық басылымына сілтеме жасап. 

SIM-карталар «қолданыста» деген мәлімет

Әлеуметтік желілерде өзін Атырауданмын деп таныстырған белгісіз адам «хакермін» деп мәлімдеп, жоғалған отбасының ұлы Наурызға тиесілі SIM-карталар жоғалғаннан кейін де мерзімді түрде пайдаланылып отырғанын айтқан. Оның сөзінше, бұл нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген. Сонымен қатар аталған нөмірлер арқылы WhatsApp мессенджеріне күніне бірнеше рет кіру әрекеттері байқалады-мыс.

Зейнетақы мен мал сатылымы туралы шағым

Туыстарының айтуынша, қараша және желтоқсан айларындағы зейнетақы төлемдерін біреу шешіп алған. Бұдан бөлек, отбасының үйдегі малы WhatsApp арқылы сатылғаны жөнінде де ақпарат бар. Бұған дейін хат-хабарлар отбасының ұлының атынан жазылғаны хабарланған еді.

Шекарадан өту туралы қарама-қайшы мәлімет

Белгісіз дереккөздің мәлімдеуінше, мемлекеттік органдардың ресми базаларында жоғалған отбасы мүшелерінің Қазақстан шекарасынан өткені туралы белгі жоқ. Алайда ол Түркістан облысы аумағында Өзбекстанға өтетін бейресми жолдар бар екенін, сол арқылы белгісіз адамдардың өтуі мүмкін екенін алға тартады.

Банктік картаға қатысты қауесет

Әлеуметтік желілерде отбасының күйеу баласы жоғалған әйелдің банктік картасын шетелде, соның ішінде Бали аралында пайдаланып жүр деген ақпарат та тарады. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.

«Ашық деректерді ғана пайдаландым»

Аталған ақпаратты таратушы адам мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек ашық деректерді, SIM-карталардың техникалық талдауын және провайдерлерден алынған мәліметтерді қолданғанын айтады. Сондай-ақ оның күдікті ретінде қарастырып отырған адамы барын да меңзеген.

- Мен ешқандай жүйені бұзған жоқпын. Ашық көздер мен техникалық деректерді ғана талдадым. Байқауымша, SIM-карталар қолданылып отыр, бұл елеулі күдік тудырады, — деп жазады ол.

Контекст

2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары — Максот Қарабалин, жұбайы Насип Үтешқалиева және олардың балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай ақпарат жоқ. Туыстары отбасының еш түсіндірмесіз жоғалып кеткенін және сол уақыттан бері байланысқа шықпағанын айтады.

Тергеу барысы

Атырау облысының полиция департаменті төрт адамға да ресми түрде іздеуге жариялаған. Бағдарлау парақтары таратылып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Құқық қорғау органдары геолокация, банктік операциялар мен SIM-карталардың пайдаланылуына қатысты мәліметтердің әзірге расталмағанын атап өтті.