Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы туралы әкім не дейді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Атырау облысында Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасының қайда екендігін анықтау бойынша іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жангелдин ауылының әкімі Қанат Ғайсадың айтуынша, төрт адамнан тұратын бұл отбасы бұрын ешқашан көзге түспеген, оғаш мінез-құлық көрсетпеген. Олар тыныш өмір сүріп, ауылдастарымен жанжалға түспеген, әлеуметтік немесе тұрмыстық қиындықтарға да тап болмаған, деп жазады Ақ Жайық.

Әкімнің сөзінше, отбасы мүшелері әкімдікке көмек сұрап жүгінбеген, себебі тұрақты табыс көзі болған. Үй шаруашылығында екі зейнеткер мен екі мүгедектігі бар адам тұрған. Күнкөріс көзі ретінде мал шаруашылығымен айналысқан: шамамен 20 шақты қойы және 10-нан астам ірі қарасы болған.

Іздестіру жұмыстары 3–4 қаңтар күндері басталған. Оған қаладағы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар тартылған. Алайда әзірге бұл шаралар нақты нәтиже берген жоқ.

Сондай-ақ ауыл әкімі отбасының ауыл мен қала арасында қатынайтын такси қызметін пайдаланбағанын айтты. Оның сөзінше, шағын елді мекенде бөгде көліктер немесе тұрғындардың кенеттен кетуі бірден көзге түсер еді.

Бұдан бөлек, әкім жоғалғандардың мемлекеттік мекемелерге өте сирек жүгінгенін атап өтті. Тіркелген жалғыз жағдай – 28 қазанда егде жастағы әйелдің артериялық қысымы көтеріліп, медициналық мекемеге қаралғаны. Әкімнің айтуынша, бұл – сол жастағы адамдар үшін қалыпты жағдай.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары – Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Насип Өтешқалиева және балалары Мирагүл Қарабалина мен Наурыз Қарабалин туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Туыстарының айтуынша, отбасы аяқ астынан жоғалып кеткен және содан бері байланысқа шықпаған. Атырау облысының полиция департаменті төрт адамды да ресми түрде іздеуге жариялаған. Бағдарлау парақтары таратылып, тергеу жалғасып жатыр.