Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында ерлі-зайыптының өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Олардың мәйіті кеше шаруашылық құрылыстан табылған. Ulysmedia.kz дерегінше, кісі өлтірді деген күдікке 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев — марқұмдардың күйеу баласы ілінген.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Полиция ресми түрде тергеу барысының егжей-тегжейін жариялап отырған жоқ. Алайда дереккөздердің айтуынша, тергеу органдарында күдіктінің өткеніне қатысты белгілі бір мәліметтер бар.
«Бұл отбасы бұрын да құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Бірақ ол кезде елеулі заңбұзушылықтар анықталмаған».
Бар мәліметке сәйкес, Сәрсемәлиев қазір шетелде жүр және қаза тапқан әйелдің банк картасын пайдаланып отырған болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Туыстарының айтуынша, Сұлтанның өзі тұйық, достары аз болған. Тұрақты жұмысы да болмаған. Қаза тапқандарды ертең Жангелдин ауылында жерлейді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева және балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай ақпарат жоқ. Туыстарының айтуынша, отбасы аяқ асты жоғалып кеткен және содан бері байланысқа шықпаған.
Күні кеше екі мәйіт табылған.