Үкім, үнсіздік, айып пен жаза: Айзат Жұманова ісінің жай-жапсары

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Талдықорғанда күйеуі «ұрып өлтірген» 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне байланысты сот процесі аяқталды. Іс бойынша басты айыпталушы Айбар Жанболат сот үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот процесі қалай өтті? Адвокаттар мен сотқа қатысушылар үкімді қалай қабылдады? Марқұмның туыстары үкіммен келісе ме?

Үкім

9 желтоқсанда Талдықорған қаласында қоғамды дүр сілкіндірген Айзат Жұманованың өліміне байланысты сот процесі аяқталды. Судья Әділет Бақытов сотталушы Айбар Жанболатты кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырды. Ол сот тергеуінде айыпталушының кінәсі толықтай дәлелденді деді.

«Айбар Қайратұлы Жанболат ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігіне көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баптың негізінде 14 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленсін. Жанболатқа қолданылған күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын», – деді үкімді оқыған судья.

Бұдан өзге, сот Айбар Жанболатқа жәбірленуші тарапқа 20 миллион моральдық-материалдық және 1,7 миллион теңге адвокаттық шығындарды өтеуді міндеттеді.

Бұған дейін марқұм Айзат Жұманованың туыстары мен қорғау тарапы моральдық-материалдық шығын ретінде 100 миллион теңге талап еткен болатын.

Үнсіздік

Ulysmedia тілшісі үкімнен кейін сотталушы Айбар Жанболаттан пікір алуға тырысты. Бірақ ол «сот үкіміне қатысты пікір бере аласыз ба?» деген сұраққа қайырылмады. Айдауыл оны сот залынан алып кетті. Туыстары да үкімнен кейін бірден залдан шығып кетті.

«Апелляциялық шағым түсіреміз»

Жәбірленуші тараптың адвокаты Арман Шәріпов сот үкімімен келіспейтінін айтты. Ол алдағы уақытта апелляциялық шағым түсірмек.

«Өкінішке орай, мына сараланған баппен 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ сот 14 жыл ғана беріп отыр. Әрине біз оған келіспейміз және біздің берген азаматтық талап-арызымыз ішінара ғана қанағаттандырылды. Сол себепті апелляциялық шағым береміз міндетті түрде», – деді ол.

Адвокат марқұм Айзат Жұманованың ауруханаға тірі жеткізілгеніне күмәнмен қарайды. Ол бұған дейін істі 99-баптың 1-бөлігі емес, 2-бөлігімен қозғауды талап еткен болатын. Бастапқыда іс 106-баппен «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қозғалған.

«Айзаттың денесін алып келген кезде ол тірі ме, өлі ме деген сұрақ туындап отыр ғой. Қорғаушы ретінде менің ойымша, Айзаттың денесін медициналық мекемеге өлі күйінде алып келген. Егер сол кезде өлі болатын болса, онда сол кезде 106-баппен емес, «қасақана адам өлтіру» бабымен, яғни 99-баппен қозғалар еді», – деді Арман Шәріпов.

«Мәйітін 59 күннен соң қазып алдық»

Айзат Жұманованың әпкесі Раушан Дәуренбекова істі 106-бап емес, 99-баппен қозғаудың өзі оңай болған жоқ дейді. Сол үшін марқұмның денесіне эксгумация жасауға мәжбүр болған.

«Кейін жүгіріп жүріп 99-баптың 1-бөлігіне алып келдік. Эксгумация нәтижесімен келдік. Мәйітті 59 күннен соң қазып алдық. Эксгумацияны өз көзіммен көрдім. Ішінде, сыртында қаншама жарақат болды. Сондықтан бапты өзгерттік», – деді Раушан Дәуренбекова. 

Ол сот үкімімен келісетінін айтты. Бірақ апелляция беру мәселесін адвокаттар шешеді деді.

Айзат Жұманованың анасы Салтанат Қадірбекқызы Ulysmedia тілшісіне ауырып тұрғанын, пікір бере алмайтынын айтты.

«Өмір бақиға сотталсын»

8 желтоқсанда өткен сот жарыссөзінде ол Айбар Жанболатты «өмір бойына бас бостандығынан айыруды қалаймын» деген.

«Мен кек алуды сұрап тұрған жоқпын. Қатігездікті сұрап отырған жоқпын. Тек бір нәрсе сұраймын: істің ашық, әділ өтуін өтінемін. Нақты жазасын алсын. Өмір бақиға сотталсын деп тілеймін. Екі жасар қызымның (немересі) шырылдағанын естідім, алтын асықтай қызымды қолына табыстап бердім, қызымның қадіріне жете алмады. Қызымды азаптап, қинап өлтірді. Бір жері ғана жараланса жақсы, абайсызда болар деп ойлар едік.  Бірақ мынаған мүлде келісе алмаймын», – деген сол уақытта Салтанат Қадірбекқызы. 

«15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраймын»

Сот жарыссөзінде прокурор Нұрлан Билібек Айбар Жанболатты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

«Соттың айыптау үкімін шығаруға толық негіз бар. Айбар Жанболат жасаған қылмыстың ауырлығын, қоғамдық қауіптілігін, жазасын ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, жаза тағайындауыңызды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, жазаны жеңілдететін мән-жай анықталмады. Ал қызына қамқорлық тағайындалған, нағашы апасына. Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, жазаны ауырлататын мән-жай оның мас күйде болуы. Сөзімді түйіндей келе, сотталушы Жанболатты Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраймын», – деген прокурор.

«Өлтірейін деген ниетім болған жоқ»

Айбар Жанболаттың өзі сот жарыссөзінде де, соңы сөзінде де өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол «әйелімді өлтіремін деген ниетім болған жоқ» деген.

«Істеген ісімді мойныммен көтеремін. Менің өлтірейін деген ойым да, ниетім де болған жоқ. Абайсызда болған жағдай. Мұсылманбыз ғой, шайтанның арбауына түсіп қалдық деп ойлаймын. Кешірім сұраудан басқа айтарым жоқ. Жазамды толық өтеймін», – деген Айбар Жанболат. 

Адвокат Сарқытов сотта да, тергеу кезінде де Айбар Жанболаттың марқұм Айзат Жұманованы ұрғанын мойындағанын, бірақ қасақана өлтіру ниеті болмағанын айтты деп, істі 106-баппен саралауды сұраған.

Контекст

32 жастағы Жетісу облысының тұрғыны Айзат Жұманованы күйеуі ұрып өлтіргені жөнінде биыл маусымда белгілі болған. Сол уақытта марқұмды күйеуі атқа сүйреп өлтірді деген ақпарат тараған. Оқиға Баласаз ауылында болған.

Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша қозғалған. Кейіннен жәбірленуші тараптың шағымынан кейін іс 99-баптың 1-бөлігіне қайта сараланған. Бірақ адвокат Арман Шәріпов іс 99-баптың 2-бөлігімен саралануы тиіс деп есептейді.