Алматы мектептеріндегі цифрлық дау: сот электронды күнделік ауыстыруға тыйым салды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы мектептерін үйреншікті Kundelik жүйесінен жаңа BilimClass цифрлық платформасына жаппай көшіру әрекеті сот дауына ұласып, уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот не шешті

Жыл басында ата-аналар электронды күнделіктің ауысқанын ресми хабарламадан емес, SMS арқылы білді. Кейбіреулер үшін бұл Kundelik қосымшасы кенеттен жұмысын тоқтатқанда ғана белгілі болды. Ал Kundelik компаниясының өзі кейінірек бұл туралы алдын ала ешкім ескертпегенін айтты.

Ата-аналардың наразылығы мектеп чаттарымен шектелмей, петицияға ұласты — өйткені Kundelik қызметі үшін ақы алдын ала төленген еді. Ақыры іс сотқа жетті.

Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қалалық білім басқармасы мен мектептерге уақытша тыйым салды:

  • BilimClass платформасына көшуге немесе оны тестілеуге;

  • Kundelik-ті басқа цифрлық жүйелерге ауыстыруға;

  • оқушылардың, ата-аналардың және мұғалімдердің жеке деректерін өзге жүйелерге беруге немесе көшіруге;

  • балама платформаларды енгізу туралы келісімдер мен меморандумдарға қол қоюға.

Іс жүзінде сот Алматы мектептеріндегі бүкіл цифрлық реформаны «тоқтатып қойды».

Неге жүйені ауыстырмақ болды

Осыған дейін Алматының білім басқармасы үшінші тоқсаннан бастап барлық мектеп BilimClass платформасына көшуі тиіс екенін мәлімдеген еді. Олардың айтуынша, бұл — тегін, қазақстандық өнім, әрі серверлері Қазақстан аумағында орналасқан.

— BilimClass — Қазақстанда жасалған, тегін мобильді қосымшасы бар, серверлері ел ішінде орналасқан платформа. Ол деректердің қауіпсіздігі мен құпиялығын қамтамасыз етеді және Қазақстан заңнамасын толық сақтайды, — деп түсіндірген еді шенеуніктер.

Олардың айтуынша, жүйе 15 мектепте пилоттық режимде сынақтан өткен, ал жаппай көшу оқу процесіне кедергі келтірмес үшін қысқы каникулға жоспарланған.

BilimClass ұстанымы: «Деректер берілген жоқ»

Сот шешімінен кейін BilimClass компаниясы да өз позициясын жариялады. Онда жеке деректердің үшінші тараптарға берілмегені атап өтілді.

— Басқа жүйелерден ешқандай жеке дерек BilimClass-қа берілген жоқ. Әңгіме тек мектептердің ішкі архивтері туралы болды, үшінші тұлғаларға беру де, BilimClass жүйесіне жүктеу де болған жоқ, — деді компания өкілдері.

BilimClass мәліметінше, платформаны ел бойынша 2,5 миллион оқушы мен 350 мың мұғалім, яғни 5 мыңнан астам мектеп пайдаланады — бұл Қазақстандағы мектептердің 60 пайызынан асады. Компания платформа ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызметінің сертификатына ие екенін және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай екенін де атап өтті.

Бұл жағдай қалай аяқталуы мүмкін?

Сот шешімі Алматы мектептерін екіұдай жағдайда қалдырды: ескі жүйені өшіруге болмайды, ал жаңасын енгізуге де тыйым салынған. Сонымен қатар BilimClass бұл тыйымды сотта даулауға дайындалып жатқаны белгілі болды.

Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты, бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов те пікір білдірді. Оның айтуынша, басты мәселе платформаның атауында емес, оқушылар мен мұғалімдердің кезекті асығыс эксперименттің құрбанына айналмауында.

— Бұл мәселе бойынша пікір білдіргім келмейді. Ең бастысы — ең алдымен оқушылардың, екіншіден мұғалімдердің мүддесін қорғау. Егер жаңа жүйе енгізілетін болса, деректердің дұрыс көшірілуі қамтамасыз етіліп, мұғалімдер бәрін қайтадан толтыруға мәжбүр болмауы керек. Қандай шешім қабылданса да, осы екі фактор басты назарда қалуы тиіс, — деді депутат.