Қызылордалық ерлі-зайыпты мемлекетке 24 млн теңге залал келтірген

Ulysmedia

Қызылорда облысында жалған несие шартын әзірлеген ерлі-зайыпты мемлекетке 24 млн теңгеден астам залал келтірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен мәлім етті.

Департамент мәліметінше, Қызылорда қаласында тұратын азамат жұбайы екеуі жұмыссыз тұрғындарды жаңадан ашылатын кірпіш зауытына жұмысқа қабылдайтыныны жөнінде жалған уәде берген.

Олардың жеке куәлік көшірмесін алып, несиелік серіктестік құрылтайшылары қатарына қосылуға көндірген.

«Сол арқылы «Береке-Қарғалы» несие серіктестігін» құрған. Нәтижесінде Шиелі ауданы аумағында мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық құру және дамыту мақсаты көрсетілген бизнес жоспар әзірлеген. Сол арқылы жылына 4,27 пайызбен есепшотына 30 млн теңге аударылған. Өзге кісілердің атынан жалған несие шарттарын рәсімдеген ері мен әйелі жасаған қылмыстық әрекет салдарынан мемлекетке 24 млн теңге аса ірі мөлшерде мүліктік залал келген», - делінген хабарламада.

Шиелі аудандық сотының үкімімен ер адам ҚР Қылмыстық Кодексінің 177-бабының 4-бөлігінің б) тармағымен кінәлі деп танылды.

Ол 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.