"Асүйде тұруға мәжбүрміз": Ақтөбеде жаңа үйлердің тұрғындары тоңып отыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ақтөбедегі Есет батыр ауданында орналасқан жаңа көпқабатты үйлердің тұрғындары жылудың жеткіліксіздігіне шағымдануда. Үйлер аудандық әкімдікке қарама-қарсы орналасса да, тұрғындардың айтуынша, пәтерлерде қалыпты жылыту жоқ. Коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп отырғанына қарамастан, үйлер суық. Тұрғындардың шағымын Ulysmedia.kz тілшісі тыңдап қайтты.

«Балалар жиі ауырады»

Тұрғындардың айтуынша, пәтерлер салқын, едендер мұздай. Балалар жиі ауыра бастаған. Жылыну үшін адамдар терезелерін жылу ұстайтын плёнкамен жауып, балкон есіктерін көрпемен қымтап, тіпті бөлмелердің ішіне палатка құрып отырғандар да бар.

– Мен 2-шағынаудандағы №22 үйде тұрамын. Қатты аяз кезінде балаларым ауырып қалды. Үйдің іші суық, тұру мүмкін емес. Жылуға уақытында төлейміз, бірақ үй жылымай тұр. Осы аудандағы төрт шағынауданда да жылу дұрыс берілмей жатыр. Жауаптылар жауапқа тартылуы керек, – дейді тұрғын Гүлмира Құлмұхамбетова.

Кейбір отбасылар суықтың кесірінен асүйде ғана тұруға мәжбүр.

– Үйде екі бөлме бар, бірақ асүйдемізде ас ішіп те, ұйықтап та жатырмыз. Биыл тіпті суық. «Адал қызмет Ақтөбе» компаниясына да, әкімдікке де бардық. Әкімдікте «жылуға қатысымыз жоқ» деді. Қыс бойы балаларыммен асүйде отырмыз. Газды қосып жылынамыз, ұйықтар алдында өшіремін. Таңертең асүйден шықсаң, мұздатқышқа кіргендей боласың, – дейді Гүлдана Ерсайынова.

Жылу беруші компания не дейді?

Аталған аудандағы 78 үйге жылу беруге «Адал қызмет Ақтөбе» компаниясы жауапты. Ұйым басшысы тұрғындардан шағым түскенін растады.

– Өткен аптадан бастап өтініштер келе бастады. Комиссия құрылды. Тұрғын үй инспекциясымен және Aqtobe su-energy group басшылығымен бірге пәтерлерді араладық. Көпшілігінде шынымен суық. Кейбір үйлерде сүзгілер бітелген, ал кей пәтерлерде, әсіресе қарттар тұратын үйлерде, жылу реттегіш крандар ашылмаған, – деді компания басшысы Даулет Нұрланов.

Ал Aqtobe su-energy group өкілдері жылу қалыпты режимде беріліп жатқанын айтады.

– Барлық көрсеткіш нормативке сай. Қазір 87 градус жылу беріп отырмыз. Кей пәтерлерде балкон есіктері дұрыс жабылмаған, терезелерден жел соғады. Бірінші қабат тұрғындары еденді қосымша оқшаулауы қажет. Қазандық жаңа, төрт қазандық жұмыс істеп тұр, тағы екеуі резервте, – деді компанияның жылу желілері бойынша орынбасары Жанболат Сарманов.

Тұрғындардың талабы

Алайда тұрғындар бұл уәждермен келіспейді. Олар жауапты мекемелердің кінәні халыққа артпай, жылу мәселесін нақты шешуін талап етуде. Әсіресе Алматы ауданы әкімдігінің ғимараты үйлерге тура қарама-қарсы орналасқанына қарамастан, тұрғындардың әлі күнге дейін тоңып отырғаны ашу тудырып отыр.