Астанада Орталық Азиядағы ең ірі шіркеу салынып жатыр – депутаттар қарсы

Сырым Қаржас
mitropolia.kz

Астанада көлемі жағынан Орталық Азиядағы ең ірі нысан болмақ кафедралды православие соборының құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Бұл туралы елорда мәслихатының отырысында Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков мәлімдеді.

Ғибадатхана кімнің қаржысына салынып жатыр?

Шіркеу сол жағалаудағы Ұлттық ғарыш орталығының маңында бой көтеріп жатыр. Бұл депутаттардың қатаң наразылығын тудырды. Олар құрылысты кім қаржыландырып отырғаны және қалаға мұндай ауқымды діни нысанның қаншалықты қажет екенін сұрады.

— Сіздер Орталық Азиядағы ең үлкен шіркеу салып жатырмыз дедіңіздер. Оны кім қаржыландырып отыр? Бізге ондай шіркеу шынымен керек пе? Бұл мәселе талқыланды ма? Қажеттілігі сараланды ма? Қазірдің өзінде үлкені де, кішісі де бар. Қаланың кіреберісіне алып собор салу — меніңше, мақтанатын нәрсе емес, — деді депутат Бауыржан Смаилов.

Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков бұл мәселе бұрыннан шешілгенін және елорданың бас жоспарында қарастырылғанын айтты. Оның сөзінше, жоба 2018–2019 жылдары бекітілген, ал православие ғибадатханасын салуға бюджет қаражаты бөлінбейді.

— Сіздер өздеріңіз жақсы білесіздер, мешіттер мен шіркеулердің құрылысына бюджеттен қаржы бөлінбейді. Бұл қайырымдылықтан келетін қаражат. Мұны біз салып жатқан жоқпыз, — деді ол.

Депутатқа сөз берілмеді

Алайда бұл жауап депутаттың көңілінен шықпады. Смаилов талқылауды жалғастырмақ болғанымен, оған мүмкіндік берілмеді. Әкім кейін қосымша түсіндірме беруге уәде етті, содан соң отырыстың модераторы тақырыпты өзгертіп жіберді. Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Астанада салынып жатқан православие ғибадатханасына Кирилл – Мәскеу және бүкіл Русь патриархы келіп, бұл жоба сол кезде де қоғам назарын аударған болатын.