ҚАЖ мекемелерінде байланыс шектен тыс тараған: операторларға айыппұл салынды

Ulysmedia.kz коллажы

Қостанай облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жүргізілген тексерістен кейін үш ірі байланыс операторы жауапқа тартылды. Өлшеу нәтижесінде үш нысанның аумағында мобильді байланыс сигналы рұқсат етілген деңгейден жоғары болғаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үш операторға айыппұл салынды

Заңбұзушылықтар «Кар-Тел» ЖШС – Beeline, Kcell АҚ және Tele2 мен Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нен анықталған.

Прокуратураның ұсынысынан кейін үш оператор да әкімшілік жауапқа тартылып, оларға айыппұл салынды.

Заң бойынша байланыс операторлары өз желілерін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына сигнал белгіленген деңгейден артық таралмайтындай етіп реттеуге міндетті. Прокуратура мәліметінше, бұл талаптар сақталмаған.

Телефон алаяқтық жасау үшін пайдаланылған

Бұған дейін ҚАЖД мекемелерінде ұялы телефон арқылы жасалған қылмыстар да анықталған.

Осындай жағдайлардың бірінде сотталған адам мекемеде отырып, телефон арқылы 4 миллион теңгеден аса сомаға алаяқтық жасаған. Тергеу кезінде одан ұялы телефондар табылып тәркіленген.

Ер адам қылмыстық жауапқа тартылды.

Сигналды қосымша шығынсыз шектемек

Прокуратура мұндай тексерістердің мақсаты – операторлардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету және ҚАЖ мекемелерінде мобильді байланысты еркін пайдалануға жол бермеу екенін түсіндірді.

Сонымен қатар, байланыс сигналын шектеуге байланысты қосымша шығынды мемлекет көтермеуі керек.