Құлсарыда оқушы мектеп дәлізінде балтамен жүгірген

Сырым Қаржас
Видео кадры

Құлсарыда оқушы мектеп дәлізінде балтамен жүгірген. Оқиға Пушкин атындағы №6 мектепте болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кадрлардан балтаны қолына ұстаған оқушының мектеп дәлізімен жүгіріп, болжам бойынша, өзге бір оқушыны қуа жөнелгені көрінеді. “Қуғынға түскен” бала сыныптардың біріне кіріп, тығылған.

Әлеуметтік желідегі жазбада оқиғаға қатысқан оқушы 10-сыныпта оқитыны айтылған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

5 ақпан күні «102» арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама түскен.  Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған.

Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім анықталып, ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды. Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды.

Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.