Франция Елшілігі мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында Шымкент қаласында Шенген визасына өтініштерді қабылдауға арналған уақытша қабылдау орны ашылмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шымкент қаласы мен оған жақын елді мекендердің тұрғындары үшін қолайлы мүмкіндік туып отыр. Енді Франция визасына құжат тапсыру үшін Алматыға барудың қажеті жоқ. Азаматтар VFS Global сайты арқылы қазірден бастап Шымкент қаласындағы уақытша қабылдау орнына сессиялар кестесіне сәйкес қабылдауға жазыла алады.
Алғашқы қабылдау сессиясы 2026 жылғы 23 қарашаға жоспарланған. Қабылдау өтініштер саны төмен кезеңде айына 1 рет, өтініштер саны жоғары кезеңде (наурыздан шілдеге дейін) айына 2 рет жүргізіледі.
Бұл жаңа қызмет құжат тапсыру рәсімдерін жеңілдетіп, өңір тұрғындары үшін визалық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Стандартты визалық және сервистік алымдардан бөлек, мобильді биометриялық қызмет үшін 100 еуро көлемінде қосымша төлем алынады. Бұл сома паспортты курьерлік қызмет арқылы қауіпсіз түрде кері жеткізу ақысын да қамтиды.
Қабылдауға жазылу тәртібі, алдағы құжат қабылдау сессиялараның кестесі және қызмет құны туралы толық ақпаратты VFS Global Kazakhstan веб-сайтынан табуға болады.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында Шымкент қаласында Францияның Құрметті консулдығы ресми түрде ашылған. Бұл бастама Шымкент қаласының әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы елшілігі арасында 2025-2028 жылдары бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында іске асырылды. Сонымен қатар өңірге инвестиция жұмылдыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Консулдық сауда-экономикалық байланыстарға көмектесу, Қазақстандағы Франция азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғауға қолдау көрсету, құжаттарды (паспорттар, визалар және т.б.) алуға байланысты көмек көрсету, француз тауарлары мен қызметтерін жергілікті нарықта ілгерілету, екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми және сауда ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ, мәдени және білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға қолдау көрсету бағыттары бойынша қызмет көрсетеді.
Францияның Шымкент қаласындағы Құрметті консулдығының ашылуы – өңірдің халықаралық серіктестікке ашықтығын айқын көрсететін, Шымкенттің жаһандық деңгейдегі беделін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам.