Қонаев қаласында 9 ақпанға қараған түні желдің жылдамдығы секундына 27 метрге дейін күшейді. Осыған байланысты қалада жедел штаб құрылып, коммуналдық қызметтер түнгі уақыттан бастап күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қатты желдің салдарынан инженерлік желілерде авариялық жағдайлар тіркеліп, тұрғын үйлердің шатырлары мен жеңіл құрылымдар зақымданған. Түнгі уақытта құлаған ағаштар мен жеңіл конструкциялардың бөліктерін тазалау жұмыстары жүргізілді, бұл жұмыстар қазір де жалғасып жатыр.
Бірқатар шағынаудандарда электр энергиясы өшкен, қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты 1–11 сынып оқушылары толықтай қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов ТКШ бөлімі мамандарымен жедел кеңес өткізіп, боран салдарын жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Зардап шеккен азаматтар болған жағдайда, оларға қолданыстағы заңнама аясында көмек көрсетілетіні айтылды.
Қала әкімдігі тұрғындарды сабыр сақтауға және қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырады. Барлық авариялық жағдайлар мен оқиғалар туралы 109 бірыңғай байланыс орталығына дереу хабарлау қажет.
«Қазгидромет» мәліметінше, боран түске дейін сақталуы мүмкін.