БҚО-да жылқылар қырылып жатыр: фермерлер төтенше жағдай жариялауды талап етті

Сырым Қаржас
Видео кадры

Батыс Қазақстан облысында жылқылар жаппай қырылды. Фермерлер қалған малды аман алып қалу үшін төтенше жағдай режимін енгізуді сұрап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазталов және Жаңғала аудандарында қатты аяз бен қалың қар салдарынан жылқылар жаппай шығынға ұшыраған. Ауа райының қолайсыздығы жайылымдарға баруды қиындатып, су көздері қатып қалған. Әлсіреген жылқылар мұзға жабысып, орнынан тұра алмай қалған жағдайлар да тіркелген.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, үш елді мекенде 60-тан астам жылқы қырылған. Алайда ветеринарлық қызмет әзірге 20-дан астам малдың өлімін ғана растаған.

Фермерлер жергілікті билікке жүгініп, қалған малды сақтап қалу үшін өңірде төтенше жағдай жариялауды талап еткен. Алайда шенеуніктер мұндай шараны орынсыз деп есептейді.

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев Astana TV арнасына берген сұқбатында фермерлердің талабына қатысты пікір білдірді.

- Жаз келсе – төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Қыс келсе – тағы да төтенше жағдай сұрайды. Яғни, жыл бойы біз олардан төтенше жағдай енгізу туралы ұсыныстан басқа ештеңе естімейміз. Тіпті төтенше жағдай жариялаған күннің өзінде, барлық рәсімдер аяқталғанша көктем де келіп қалады. Менің ойымша, ең алдымен әркім өз шаруашылығына өзі жауапты болуы керек, – деді ол.