Таразда №51 мектептің 9-сынып оқушысын көшеде жеті қыз соққыға жыққан. Оқиға кезінде шабуыл жасағандардың бірі кастет қолданғаны айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жәбірленуші екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Ол біраз уақыт жүре алмай, мүгедектер арбасымен қозғалған. Оқиғаның бейнежазбасы болғанына қарамастан, күдіктілер бостандықта жүргені хабарланды.
Жәбірленушінің жақындарының айтуынша, күдіктілердің туыстары тарапынан оларға қоқан-лоқы жасалып жатқан көрінеді.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілді.
Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Нәтижесінде олар профилактикалық есепке алынды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады дейді полицейлер.