Семей тұрғындары су мен кәріз қызметтері үшін жүздеген миллион теңге артық төлеген. Әңгіме суық су мен кәріз қызметтеріне қатысты болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тексеру барысында «Семей Водоканал» коммуналдық кәсіпорны тарифті жоғарылатқанымен, 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламасындағы кейбір жұмыстарды орындамағаны анықталған. Соның салдарынан қала тұрғындары тиісті сомадан артық төлем жасаған.
Жалпы артық төленген қаражат көлемі 479 млн теңгені құрады.
– Тексеру деректеріне сәйкес, 375,1 млн теңге суық су үшін, ал 103,7 млн теңге кәріз қызметтері үшін артық алынған, – деп мәлімдеді Абай облысының прокуратурасы.
Прокуратураның араласуынан кейін заңсыз шешімдер күшін жойды. Сондай-ақ кәсіпорынға 13,8 млн теңге айыппұл салынды.
АҚША ҚАЛАЙ ҚАЙТАРЫЛАДЫ
Артық төленген қаражат тұрғындарға тікелей қайтарылмайды. Оның орнына тариф арқылы өтеледі.
2026 жылы Семей қаласы мен Жаңасемей ауданында уақытша өтемдік тариф енгізіледі. Соның арқасында суық су мен су бұру қызметтерінің бағасы 12%-ға дейін төмендейді.
Қадағалау органының мәліметінше, бұл жағдайдан 110 мыңнан астам тұтынушы зардап шеккен. Олардың қатарында шамамен 106 мың тұрғын, 3,3 мың компания және 14 инвестор бар.