Ақтөбеде төрт адам қаза тапқан жол апатына кінәлі шетелдік ақталып шықты

Сырым Қаржас
Shutterstock

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Самара – Шымкент тас жолында болған өліммен аяқталған жол апатына қатысты іс бойынша 33 жастағы Қырғызстан азаматы Рамазан Инфуровты ақтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қайғылы оқиға 2023 жылғы 21 ақпан күні кешке трассаның 921-шақырымында болған. Іс материалдарына сәйкес, Инфуров басқарған Volvo жүк көлігі Mitsubishi Montero Sport автокөлігімен соқтығысқан, деп жазады Halyqstan.

Апат салдарынан 31 жастағы ер адам және оның екі кішкентай баласы оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір бала кейін ауруханада көз жұмды. Олардың барлығы жеңіл көлікте болған. Көлікті марқұм ер адамның 32 жастағы жұбайы басқарған, ол аман қалған.

Бастапқыда жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелді деген айып (ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі) әйелге тағылған. Алайда ол кінәсін мойындамай, өз жолағымен келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, қарсы жолаққа шығып, бензовозды басып озуға әрекет жасаған жүк көлігі оны күрт тежелуге мәжбүрлеген. Сол кезде көлік тайып, соқтығыс болған.

Сот әйелді айыптайтын нақты дәлелдер жеткіліксіз деп танып, ақтап шыққан.

Кейін дәл осы айып бойынша сотқа жүк көлігінің жүргізушісі Рамазан Инфуров тартылды. Ол да өз кінәсін мойындамай, басып озуды аяқтап, өз жолағына қайтып үлгергенін, ал жол талғамайтын көлік қарсы жолаққа шығып кеткенін мәлімдеген.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Қорғаушы тарап жүргізушінің кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ екенін айтқан.

Сонымен қатар сотта істің сотқа жеткенге дейін төрт рет тоқтатылғаны, ал кейбір тергеу материалдары бұрын ақталған әйелдің ісіндегі құжаттармен сәйкес келетіні айтылды.

СОТ ШЕШІМІ

Сот талқылауының қорытындысы бойынша Рамазан Инфуров қылмыс құрамы болмағандықтан ақталды. Сондай-ақ оған заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін келтірілген зиянды өтеу құқығы берілді.

Сот оны бірден қамаудан босатып, бұлтартпау шарасын алып тастау туралы шешім шығарды.

Жәбірленуші тараптың 50 миллион теңге көлеміндегі азаматтық талабы қараусыз қалдырылды. Үкімге шағым беру үшін 15 күн уақыт берілген.

Сонымен қатар төрағалық еткен судья Исмаилова жеке қаулы шығарып, істі тергеу барысында қылмыстық-процестік заң талаптары бұзылғанына байланысты Ақтөбе облысының прокуроры мен полиция департаментінің басшысының назарын аударды.