Ақтөбеде жасөспірімді пышақтап өлтіріп кеткен

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Шалқар ауданындағы жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелесте 17 жастағы Әлихан Жәнібекұлы қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер арасында жанжал шығып, ол кейін төбелеске ұласқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл «Маяк» пен «Рабочий» аудандарының балалары арасындағы кикілжің болуы мүмкін. Төбелес кезінде Әлихан жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Қаза тапқан баланың әкесі әлі күнге дейін болған оқиғаны түсіне алмай отыр. Сол түні ол жұмыстан енді ғана оралып, сұмдық хабарды бірден естіген.

– Өзім де мұның қалай болғанын түсінбеймін. Бәрі түнде болыпты. Оған жүрек тұсынан пышақ сұққанын айтты. Біз ауруханаға барған кезде оны мәйітханаға алып кетіп қалыпты, көре алмадық. Сол түні мен де жұмыстан пойызбен жаңа келген едім, – деді Жәнібек Әлиманов.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Жанжалға қатысқандардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

– Қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, ал әр қатысушының әрекетіне заң аясында баға беріледі, – деп нақтылады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.

Әлихан тамыз айында 18 жасқа толуы керек болған. Ата-анасы оны әскерге жіберуді жоспарлап жүрген. Ол отбасындағы кенже бала болған.

Автор: Ардақ Ерубаева.