Құтқарушылар өзенге түсіп кеткен баланың денесін әлі таппады

Сырым Қаржас
Видео кадры

ТЖМ құтқарушылары Түркістан облысының Келес ауданында 2018 жылы туған баланы іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Анасының айтуынша, 23 наурыз күні шамамен сағат 17:00-де ойнап жүрген бала Келес өзеніне құлап, суға кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ІЗДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ

Іздеу жұмыстарына ТЖМ, полиция, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ туыстары мен еріктілер жұмылдырылған.

17:30-дегі жағдай бойынша облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағы Абай және Жүзімдік ауылдары маңындағы Келес өзенінің 42 шақырымдық учаскесін арнайы құралдармен тексеріп жатыр. Сонымен қатар еріктілермен бірге Жүзімдік, Қызыләскер ауылдарынан Ғ. Мұратбаев ауылына дейінгі аралық қаралуда.

Қазіргі уақытта өзеннің 15 шақырымы үстінен, ал 900 метр аумағы су астында сүңгуірлердің көмегімен тексерілген.

ӨЗГЕ АЙМАҚТАР

Бұдан бөлек, Шымкент қаласының ТЖД құтқарушылары Лесбекбатыр елді мекенінен Сырдария өзеніне дейінгі 9 шақырым аумақта қайықтар арқылы іздеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ 5 дронның көмегімен Келес өзені мен Сырдария жағалауы бойымен шамамен 55 шақырым аумақ тексерілуде.

Іздеу жұмыстарына эхолот құрылғылары мен 8 жүзу құралы тартылған.

ІЗДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

Іздеуді тиімді жүргізу үшін судың деңгейін төмендету шаралары да қабылданған. 28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюз жұмысы тоқтатылса, 29 наурызда Өзбекстандағы «Зах» каналының шлюзі жабылған. Бұл да су деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде.

Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр және бақылауда. Барлық қызметтер қажетті шараларды қабылдауда.