Қазақстанда қоғамдық көлікте жүру тәртібіне қатысты жаңа талаптар талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде бала арбасымен жүрген аналарды жолаушыға лық толы автобустарға мінгізбеуі мүмкін деген ақпарат тарады. Бұл жаңалық ата-аналардың наразылығын туғызды. Алайда Көлік министрлігі мұндай тыйым жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ықтимал шектеулер туралы ақпарат тарағаннан кейін қазақстандық аналар әлеуметтік желіде наразылықтарын білдіре бастады. Солардың бірі Камила есімді әйел видео жариялап, кішкентай баласы бар ата-аналар онсыз да күнде түрлі қиындыққа тап болатынын айтты.
«Неге бала арбасымен автобусқа мінуге болмайды? Неге біздің елде балалы аналарды осылай кемсітеді?» – деп ашуланды ол.
Камиланың айтуынша, таксимен жүру қымбатқа түседі. Әсіресе кішкентай баламен, оның арбасын қоса алып жүру оңай емес. Оның үстіне мұндай тапсырысты кез келген такси жүргізушісі қабылдай бермейді.
«Неге баласын арбаға салып жүрген ана міндетті түрде таксиге мініп, артық ақша жұмсауы керек? Таксидің қанша тұратынын білесіздер ме өзі?» – деді Камила.
Тағы бір қазақстандық әйел Алматыда қоғамдық көлікке міне алмай, әбден әуре болғанын айтып берді. Оның сөзінше, бала арбасымен аялдамада тұрған кезде №53 бағыттағы автобус төрт рет тоқтамай өтіп кеткен.
Алғашқы екі автобустың тоқтамауын жолаушының көптігінен көрген әйел келесі екі автобус та тоқтамаған соң, e-Otinish жүйесі арқылы шағымдануға бел буған.
«Күн суықта екі сағат бойы келесі автобус тоқтар деп күттім. Ал таксиге мін деп ақыл айтатындар Алматыда мұндай сапардың 4-5 мың теңге тұратынын білсін», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Қоғамда қызу талқылау басталған соң, Қазақстанның Көлік министрлігі пікір білдіріп, бала арбасымен автобусқа мінуге тыйым салынатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомство қолданыстағы ережелер бойынша ата-аналарға бала арбасымен автобусқа мінуге тыйым салынбағанын атап өтті.
Жаңартылған талаптарға сәйкес, автобус жолаушыға лық толған жағдайда, ата-анаға орын болса, бала арбасын жинап алып жүру қарастырылған. Бұл ретте арба салон ішінде өзге жолаушылардың жүріп-тұруына кедергі келтірмеуі керек.
Министрлік бала арбасын жинау қолайсыз болса, оны сол күйінде қалдырып, жол жүруге болатынын да түсіндірді.
«Егер ата-анаға бала арбасын жинау ыңғайсыз болса, оны жинамай-ақ сапарын жалғастыра алады», – деп хабарлады ведомство.
Бұл үшін айыппұл салынбайды, автобустан түсірмейді және қандай да бір өзге жаза қолданылмайды.