Оның айтуынша, өзіне тиісіп, мазасын алған мас төрт ер адамды полиция ұстамаған. Ал жәбірленушінің өзінен тіпті түсініктеме де алынбаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Петропавл қаласының тұрғыны Диана Қосманова видеоүндеу жасап, 12 қыркүйекке қараған түні болған жанжал туралы айтып берді. Оның сөзінше, көшеде оған төрт мас ер адам келіп, балағаттап, тиісіп, мазасын алған. Қыз олардан өзін жайына қалдыруды сұрағанымен, ер адамдар тоқтамай, оның соңынан ерген.
Қыз олардан қашып, көрші аулаға барып, таныстарының артына жасырынған. Алайда мас ер адамдар оның соңынан келіп, қызды қорғаған жігіттерге де тиісіп, жанжал шығарған.
— Оқиға орнына келген полиция жасағы мені қорлап, соңымнан еріп, күшпен алып кетпек болған мас бұзақыларды емес, мені қорғауға келген екі жігітті ұстады, — деді Қосманова.
Бір тәулік камерада және қылмыстық іс
Қызды қорғаған екі жігітті бір тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамап, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Бұл ретте полицейлер жәбірленуші ретінде Диананың өзінен тіпті түсініктеме де алмаған.
— Осы мас төрт жігіттің артында кім тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты, — деді ол.
Қосманова полиция мен прокуратураға арыз жазуға бара жатқанын хабарлады.
Полиция не дейді
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жанжал фактісі бойынша бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана зиян келтіру туралы баппен қылмыстық іс тіркелгенін растады.
Оқиғаға қатысушылар мен куәгерлерден жауап алынған, сараптамалар тағайындалған.
— Жанжалдың барлық мән-жайы мен оған қатысушылардың әрқайсысының әрекеті анықталып жатыр. Тергеу шараларының нәтижесі бойынша түпкілікті құқықтық баға беріледі, — деп хабарлады полиция.
Полиция іс бойынша кімнің күдікті, ал кімнің жәбірленуші ретінде өтіп жатқанын нақтыламады.