Әлеуметтік желіде Ақмола облысында жұмысшылар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің маңындағы жаңа төселген асфальтты қара түсті қоспамен бояп жатқан видеосы тарады. Видео авторы болған жағдайды «кезекті қойылым» деп атап, жолды Құрылысшылар күні мен облыс әкімінің сапары алдында ретке келтіріп жатқан болуы мүмкін деген болжам айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа асфальтты бояды ма?
Кадрда әйел жұмысшыларға жақындап, олардың асфальтты шынымен гудронмен «бояп» жатқанын сұрайды.
— Кезекті қойылымға дайындалып жатыр. Қараңыздаршы, асфальтты бояп жатыр... Гудронмен бояп жатырсыздар ма? — дейді видео авторы.
Жұмысшылар асфальтқа арнайы қоспа жағып жатқанын айтты. Алайда оның нақты қандай материал екенін және не үшін қолданылатынын түсіндіре алмады. Олардың сөзінше, тек басшылықтың тапсырмасын орындап жатыр.
Видео әлеуметтік желілерде тез тарап кетті. Желі қолданушыларының көпшілігі жол өңір басшылығының сапары алдында асығыс ретке келтіріліп жатыр деген пікір айтты.
Әкімдік не дейді?
Ulysmedia.kz тілшісі Ақмола облысының әкімдігіне жағдайға қатысты түсінік беруін сұражы. Редакцияға Көкшетау қаласының Краснояр ауылдық округі әкімінің аппараты ресми жауап берді.
Шенеуніктердің мәліметінше, Интернациональная көшесінің дене шынықтыру-сауықтыру кешені маңындағы бөлігі маусым айының соңында асфальтталған. Алайда кейін мамандар жол жабынында ақаулар бар екенін анықтаған.
— Осыған байланысты мердігер ұйым өз қаражаты есебінен «Силкоут» арнайы қорғаныш материалын жағу туралы шешім қабылдады.
«Силкоут» — асфальтбетон жабынын герметизациялауға арналған битум-полимерлі қорғаныш қоспа. Материал ұсақ жарықтар мен саңылауларды толтырып, ылғалдың өтуіне жол бермейді, жол жабынын ультракүлгін сәулелер мен температураның өзгеруінен қорғайды, оның тозуға төзімділігін арттырып, пайдалану мерзімін ұзартуға ықпал етеді, — деп хабарлады әкімдік.
Әкімдік өкілдері нысанның түпкілікті қабылдау рәсімі әлі жүргізілмегенін мәлімдеді. Қорғаныш қабат жағылғаннан кейін Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары асфальттан қайтадан сынама алып, зертханалық тексеру жүргізеді.
Тек осыдан кейін жолды қабылдау және орындалған жұмыстарға ақы төлеу туралы шешім қабылданады.