Cанитарлық талаптарды сақтамаған Шымкент мектептеріне 33 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Otyrar.kz порталының жазуынша, санитарлық талаптарды орындамау деректері 183 оқу орнында анықталған. Атап айтқанда, тазалық жұмыстарының жиі жүргізілмеуі, мүліктердің таңбаланбауы және сынған парталардың қолданылуы сынды кемшіліктер жиі кездескен. Кейбір мектептерде кабинеттердегі жанып кеткен шамдар уақтылы ауыстырылмаған. Айыппұлдың жалпы сомасы 33 млн теңгені құрады.
Сондай-ақ, СЭС қызметкерлері 17 емдеу-алдын алу мекемелерін, сумен жабдықтау объектілерін және 13 өнеркәсіптік объектілерді тексерді.
"Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың анықталған бұзушылықтары бойынша тексерулер жүргізу кезінде 529 жауапты тұлғаға жалпы сомасы 83 611 245 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Барлық айыппұлдар өндірілді. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін 350 ұйғарым берілді", – деді Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов.
Ахметовтың айтуынша, қазір барлық кемшіліктер жойылып, айыппұлдар төленді. 2022 жылы СЭС тұтынушылар тарапынан шағымдардың көбеюіне байланысты мектептерге жоспардан тыс 54 тексеру жүргізген.