Өскемен қаласында соңғы 10 күнде мектептерге бомба қойылғаны туралы хабарлар толастар емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін түскі уақытта қаладағы бірнеше мектепке бомба қойылғаны туралы хабар түсті.
«Мамандандырылған қызметтер дереу мектептерге келіп жетті. Білім ордаларының қызметкерлері мен оқушылар қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі уақытта ғимараттар іші тексерілуде. Халықтан сабырлық танытуды және енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұл соңғы 10 күнде мектептерге бомба қойылғаны туралы алтыншы хабар. Соның салдарынан апта басталғалы бері бірнеше мектеп оқушылары сабақ оқи алмай отыр.
Алғаш рет 6 ақпанда Өскеменде сот және мектеп ғимаратына бомба қойылғаны туралы хабар түскен. Алайда тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Сондай-ақ, бомба қойылғаны туралы хабар 9 және 10 ақпанда тағы түсіп, оқушылар мен мұғалімдер дереу сыртқа шығарылды. Тексере келе, қауіпті зат туралы ақпарат жалған екені белгілі болды.
Полицейлер кеше де бомба жайлы хабардан соң 23 мектептің оқушыларын эвакуациялауға мәжбүр болды.
Еске сала кетейік, бұдан былай Қазақстанда телефон террористеріне жаза күшейтіледі.