БҚО-да спорт мектебінің жаттықтырушысы балаларды ұрып-соққан

Ulysmedia

БҚО-да самбо жаттықтырушысы екі баланы ұрып-соққан, деп хабарлады Ulysmedia.kz «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.

видеодан кадр

Ата-аналардың сөзінше, Шыңғырлау ауылындағы спорт мектебінің жаттықтырушысы Қайсар Құсайыновтың екі баланы кеудесі мен басынан ұрғанын айтып шағымданды. Оқиғаның бейнежазбасы желіге тарап кеткен.

Белгілі болғандай, ол балаларды басқа жаттықтырушыға ауысқаны үшін ұрып-соққан. Жәбірленуші бірден полицияға арыз жазған. Ал жаттықтырушы олардың ата-аналарынан кешірім сұрады.

Кешке жұмыстан үйге келсем, баламның беті қып-қызыл. «Не болды?» деп сұрадым, бірақ ол жауап бермеді. Содан кейін қоймай, анық-қанығын сұрап білмек болғанымда, өзін жаттықтырушы ұрғанын айтты. Оның баламды ұруға қандай хақысы бар?! Ешкім баласын спортпен шұғылдануға мұғалім мазақ етсін деп бермейді. Полицияға арыз бергеннен кейін Қайсар үйге келіп, кешірім сұрады, – дейді баланың анасы Сәуле Уәлиахметова.

Шыңғырлау аудандық ПБ бастығы Сергей Астафьевтің айтуынша, бұл іс бойынша әкімшілік хаттама толтырылған, бірақ жаттықтырушы мен балалардың ата-аналары татуласқаннан кейін істі қарау тоқтатылыпты.

Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Нығметуллин қызметтік тексеру жүргізілетінін, соның нәтижесі бойынша тиісті шара қабылданатынын мәлімдеді.