Заманауи орталықтар мен күрделі оталар: Шымкент медицинасының әлеуеті қандай

фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Шымкентте денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңарту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жоба қолға алынған. Қалада жаңа перинаталдық орталық пен заманауи балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар маммологиялық орталықтар мен эфференттік терапия орталығын ашу көзделген. Ал қолданыстағы медициналық ұйымдарда жоғары технологиялы оталар жасалып, электрондық денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді. 

Қалада 36 медициналық ұйым жұмыс істейді

Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесіне барлығы 36 медициналық ұйым кіреді. Оның 13-і емхана, 15-і стационар, біреуі диагностикалық орталық болса, қалған жетеуі өзге бейіндегі медициналық ұйымдар.

Қаладағы денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттері бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, ана мен бала денсаулығын нығайту, әлеуметтік маңызы бар аурулардың таралуын азайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ медициналық мекемелерді білікті мамандармен қамтамасыз ету көзделген.

Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін алдымен емханалар мен стационарлардың қазіргі жағдайына талдау жүргізілген. Негізгі назар тұрғындардың алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына қол жеткізу мүмкіндігіне және қалалық ауруханалардың инфрақұрылымына аударылған.

Талдау қорытындысы бойынша денсаулық сақтау нысандарының жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шара әзірленген. Оның ішінде ПЭТ/КТ орталығын, маммологиялық орталықтар мен эфференттік терапия орталығын құру жобалары бар. Қазір осы бастамаларды жүзеге асыруға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Перинаталдық орталық пен балалар ауруханасы салынады

Шымкент медицинасының инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған ірі жобалардың бірі – жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы. Орталықтың салынатыны туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Құрылтай өкілдерінің қала тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің сөзінше, жаңа перинаталдық орталықтың құрылысын қалалық құрылыс басқармасы жүзеге асырады. Жобаны екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес, Шымкентте тағы бір заманауи перинаталдық орталық салу туралы шешім қабылданды. Жобаны қалалық құрылыс басқармасы жүзеге асырады. Құрылысты екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр», – деді Бауыржан Жүсіпов.

Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін онда білікті мамандар жұмыс істейді деп жоспарланған. Орталықтың ашылуы қолданыстағы перзентханалар мен медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені азайтып, жүкті әйелдер мен босанатын аналарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.

Бұдан бөлек, «Халықтық құрылыс» жобасы аясында заманауи балалар ауруханасын салу көзделген. Жаңа медициналық мекеме балаларға көрсетілетін көмектің ауқымын кеңейтіп, күрделі ем-дом алу үшін елордаға бару қажеттілігін азайтуға тиіс. Дегенмен тұрғындар медициналық инфрақұрылымды дамыту тек ірі ауруханалар мен орталықтар салумен шектелмеуі керектігін айтады. 

Құрылтай депутаты Бахадыр Нарымбетовтің айтуынша, тұрғындар медициналық нысандарға қатысты ұсыныстарын белсенді түрде білдіріп келеді. Олардың арасында жаңа емханалар салу мәселесі де бар.

«Тұрғындар біздің түсіндіру жұмыстарымызды тыңдап қана қоймай, өздерін толғандырған мәселелерді де көтереді. Олар проблемалары қаралып, ұсыныстары ескеріле ме деген сұраққа жауап іздейді. Атап айтқанда, тұрғындар мектептерден бұрын емханалар салу қажеттігін айтып отыр», – деді депутат.

Бұл мәселе қаланың өсіп келе жатқан халқы мен медициналық қызметке сұранысын ескергенде ерекше маңызға ие. Өйткені ірі ауруханалар салумен қатар, тұрғындардың күнделікті медициналық көмек алатын емханаларының да қолжетімді болуы қажет.

Медицина толық цифрлық жүйеге көшкен

Шымкенттің денсаулық сақтау саласындағы тағы бір маңызды бағыты – медициналық қызметті цифрландыру. Қазір қаладағы барлық мемлекеттік медициналық ұйымда медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген.

Медициналық құжаттаманың 121 нысаны электрондық форматқа көшіріліп, қағазсыз құжат айналымы жолға қойылған. Қаладағы мемлекеттік медициналық ұйымдарға тіркелген 902 278 тұрғынның барлығына электрондық денсаулық паспорты толтырылған. Яғни бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды. Мұндай жүйе медициналық ақпаратты біріздендіріп, науқастың денсаулығына қатысты деректерді электрондық форматта сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсету барысында қағаз құжаттарға тәуелділікті азайтып, дәрігер жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Алайда цифрлық жүйенің толық енгізілуі медицинадағы барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Әсіресе, медициналық қызмет сапасы мен мамандардың қолжетімділігі өзекті болып отыр.

Қалаға 79 дәрігер жетіспейді

Қазір қала тұрғындарына 3212 дәрігер мен 8266 орта буын медицина қызметкері медициналық көмек көрсетеді. Соған қарамастан, Шымкентте 79 дәрігердің тапшылығы бар.

Мамандардың жетіспеушілігі негізінен жекелеген бағыттарда байқалады. Олардың қатарында акушер-гинекологтар, реаниматологтар, неонатологтар, жалпы практика дәрігерлері мен гастроэнтерологтар бар.

Бұл мәселені шешу үшін медицина мамандарын даярлау мен біліктілігін арттыруды үш деңгейде ұйымдастыру жоспарланған. Атап айтқанда, шетелдік, республикалық және жергілікті деңгейдегі оқыту бағдарламалары қарастырылып отыр.

Шетелдік тәжірибені меңгеру аясында Израиль, Түркия және Германия клиникаларынан халықаралық деңгейдегі жетекші мамандар шақырылмақ. Олар қала дәрігерлеріне арнайы мастер-кластар өткізіп, сонымен бірге Шымкент тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.

Мұндай тәжірибе жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, күрделі медициналық жағдайларды емдеу тәсілдерін меңгеруге және шетелдік клиникалардың тәжірибесін қала медицинасында қолдануға мүмкіндік береді.

Шымкентте 257-ші бүйрек трансплантациясы жасалды

Қала медицинасының мүмкіндігі күрделі хирургиялық оталардан да көрінеді. Жуырда Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында кезекті бүйрек трансплантациясы сәтті жасалды. Бұл – қалада орындалған 257-ші бүйрек ауыстыру операциясы.

Бұл жолы қос бүйрегі де қызметін тоқтатқан науқасқа туған бауыры донор болып, бір бүйрегін берген. Науқас он жылдан бері қант диабетімен ауырады. Ұзақ уақыт бойы қандағы қант деңгейінің жоғары болуы бүйрек қызметіне кері әсер етіп, соңғы жылдары ол тұрақты түрде диализ қабылдауға мәжбүр болған.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай трансплантация бірнеше күрделі кезеңнен тұрады. Алдымен донордың бүйрегі алынып, арнайы ерітіндімен өңделіп, операцияға дайындалады. Одан кейін донорлық ағза науқастың денесіне орналастырылып, қан тамырларына жалғанады. Операция барысында бүйректің қан айналымы мен қызметі мұқият бақыланады.

Бұл жолғы отаның күрделілігі донор мен реципиенттің туған бауыр болуымен ғана шектелмейді. Науқастың қан тамырларының жағдайы да оңай болмаған. Оған ұзақ жылдарға созылған қант диабеті әсер еткен.

Трансплантация сәтті аяқталғаннан кейін науқастың өмір сапасын жақсартуға және аптасына үш рет диализ қабылдау қажеттілігінен арылуға мүмкіндік туады. Енді дәрігерлер оның жағдайын тұрақты бақылап, жаңа бүйректің қызметін қадағалайды.

Бұл операция Шымкент медицинасы үшін жоғары технологиялы көмектің бір бағыты бойынша жинақталған тәжірибені көрсетеді. Қалада осындай оталардың 257 рет жасалуы трансплантология қызметінің қалыптасып, дамып келе жатқанын аңғартады.

Инфрақұрылым мен кадр мәселесі қатар шешілуі керек

Шымкенттің денсаулық сақтау саласындағы жоспарлар мен қолға алынған жұмыстар бірнеше бағытты қамтиды. Бір жағынан, жаңа перинаталдық орталық пен балалар ауруханасын салу, ПЭТ/КТ және маммологиялық орталықтар ашу арқылы медициналық инфрақұрылымды кеңейту көзделген. Екінші жағынан, цифрлық жүйе енгізіліп, күрделі оталарды жасау тәжірибесі дамып келеді.

Сонымен бірге салада шешімін күткен мәселелер де бар. Қалаға 79 дәрігер жетіспейді, тұрғындар жаңа емханалар салу қажеттігін көтеріп отыр. Демек, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін жаңа ғимараттар салумен қатар, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету де маңызды.

Шымкент медицинасының алдағы даму қарқыны осы бастамалардың қаншалықты жүйелі жүзеге асатынына байланысты. Әсіресе, халық саны өсіп келе жатқан қалада медициналық қызмет тұрғындарға тұрғылықты жеріне жақын әрі уақытылы көрсетілуі керек. Ал жаңа технологиялар мен жоғары білікті мамандардың қолжетімділігі күрделі ауруларды өз қаласында емдеуге жол ашуға тиіс.

 

Сізге қызық болуы мүмкін