Шымкенттің жаңа аудандарында мектеп мәселесі қалай шешіліп жатыр

Ulysmedia.kz коллажы

Шымкент жыл сайын кеңейіп, жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, шағынаудандардың қатары көбейіп келеді. Қала аумағы ұлғайған сайын әлеуметтік инфрақұрылымға, соның ішінде мектептерге деген сұраныс та артып отыр. Балалы отбасылар үшін жаңа қоныстың маңында баласы білім алатын, спортпен шұғылданып, шығармашылық қабілетін шыңдап, достар табатын мектебінің болғаны маңызды. Сондықтан жаңа шағынауданда мектеп ашылуы қала тұрғындары үшін ғана емес, сол маңда тұратын әр отбасы үшін де елеулі оқиға.

Жаңа мектептер Шымкент тұрғындарының өміріне қалай әсер етіп жатыр? Балаларға қандай мүмкіндіктер ұсынып отыр? Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.

Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндік

Үйдің жанынан мектеп ашылған соң күнделікті тіршіліктің қалай өзгеретінін Бозарық шағынауданының тұрғыны Құралай Төлепова жақсы біледі. Жақында оның отбасы мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер сатып алған. Көптен күткен қоныс тойы қуаныш сыйлағанымен, жаңа жерге көшкенде шешімін табуы тиіс мәселелер де аз болмаған. Әсіресе, Шымкенттің орталығынан жаңа шағынауданға қоныс аударған отбасы үшін балаларды мектепке орналастыру маңызды мәселеге айналды. Құралайды ең көп алаңдатқаны да осы еді. Балаларының жаңа ортада қандай жағдайда білім алатыны, сабақтан тыс уақытта қандай мүмкіндіктерге қол жеткізетіні ол үшін аса маңызды болды.

– Әр ата-ана үшін бала тәрбиесі мен сапалы білім бірінші орында тұрады. Сондықтан қаланың орталығынан жаңа шағынауданға көшкенде балаларды қай мектепке орналастыратынымыз қатты алаңдатты. Бірақ Бозарықтағы №146 мектеппен танысқаннан кейін көңілім орнына түсті, – дейді Құралай Төлепова.

Қазір оның ұлы тоғызыншы сыныпта оқиды. Құралай мектептің сыртқы келбетіне ғана емес, ішіндегі жағдайға да көңілі толатынын айтады. Оның сөзінше, кең әрі жарық сыныптар, үлкен асхана, заманауи спорт залдары мен хореографияға арналған бөлмелер балалардың өзін жайлы сезінуіне және қабілетін дамытуына мүмкіндік береді.

– Мұнда балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалғаны бірден байқалады. Әсіресе, кең асхана, спорт залдары мен хореография кабинеттері қуантады. Балалар денсаулығын нығайтып, спортпен айналысып, шығармашылық қабілетін шыңдай алады, – дейді ол.

Құралай үшін жаңа мектептің ашылуы қоныс аударған жерге тезірек бейімделіп, орнығуға да сеп болған.

Ал қарқынды өсіп келе жатқан Шымкент үшін бұл мәселенің маңызы тіпті артып отыр. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, соңғы төрт жылда мектеп саны 206-дан 306-ға дейін көбейген. Ал оқушылар қатары 240 мыңнан 279 мыңға жеткен. Жекеменшік білім беру ұйымдарының саны да артып келеді.

Білім алуға қолайлы орта

Шымкенттегі білім беру инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Жоба аясында 2023–2025 жылдары жалпы сыйымдылығы 28 мың оқушыға арналған 12 мектеп салынып, пайдалануға берілген. Қазір олардың барлығы оқушыларды қабылдап, жұмыс істеп тұр.

Жаңа мектептер негізінен тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан және білім беру нысандарына сұраныс артқан шағынаудандарда орналасқан. Олардың қатарында Бозарық, Нұршуақ, Тұран және басқа да жаңа аудандар бар.

Білім ошақтарының барлығы заманауи оқу кабинеттерімен, зертханалармен, спорт және шығармашылық залдарымен, тәжірибелік сабақтарға арналған арнайы бөлмелермен жабдықталған. Мұндай жағдай балалардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және қауіпсіз әрі қолайлы ортада оқуына мүмкіндік береді.

Соның бірі – Нұршуақ шағынауданындағы №149 «Келешек» мектебі. Қазір мұнда үш мыңға жуық оқушы екі ауысыммен білім алады.

– Мектептің ашылуы шағынауданымыздағы балаларға үйінен алысқа бармай-ақ сапалы білім алуға мүмкіндік берді. Бұл ата-аналар үшін де өте маңызды. Қазір мектебімізде үш мыңға жуық оқушы оқиды. Мұның өзі жаңа білім ошағына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді, – дейді №149 мектеп директоры Бағлан Үмбетбаев.

Мектеп ішінде кең сыныптар, оқушының бойына сай жабдықталған парталар, кітапхана, спорт залдары, STEM кабинеттері мен зертханалар бар. Шығармашылықпен айналысуға арналған би залы мен заманауи техникамен жабдықталған акт залы да қарастырылған. Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы жабдықтармен қамтылған инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс істейді.

Мектептің мүмкіндігі сабақ үстінде де айқын көрінеді. Робототехника үйірмесінде оқушылар өздері құрастырған құрылғыларды сынақтан өткізсе, зертханаларда теориялық білімдерін тәжірибе арқылы бекітеді. Ал шеберханаларда шығармашылық идеяларын жүзеге асыруды үйренеді.

– Басты мақсатымыз – балаларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, оны өмірде қолдана білуге үйрету. Заманауи жабдықтардың арқасында оқушылар түрлі жобалар әзірлеп, тәжірибе жасап, жаңа технологияларды меңгере алады, – дейді мектеп басшысы.

Сабақ аяқталған соң да оқушылардың мектептегі жұмысы жалғасады. Мұнда 41 үйірме мен спорт секциясы жұмыс істейді. Оларға 560-тан астам оқушы тұрақты қатысады. Үйірмелер арасында робототехника, қолөнер және шығармашылықтың басқа да бағыттары бар.

Оқушылардың алғашқы жетістіктері де жоқ емес. Мектеп директорының айтуынша, робототехника үйірмесінің тәрбиеленушілері Қытайда өткен халықаралық байқауда үшінші орын алған. Ал қолөнер үйірмесіне қатысатын балалар республикалық жарыстарда жүлдегер атанып жүр.

Орын тапшылығы қалай шешіледі

Дегенмен мектеп санын көбейту үшін жаңа ғимараттар салу жеткіліксіз. Қалалық білім басқармасындағылардың айтуынша, қай ауданда оқушы орнына сұраныс жоғары екенін, қай мектептің шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп отырғанын, ал қайсысында бос орын барын нақты білу қажет.

Басқарма мәліметінше, Шымкентте жобалық қуаты 1200 орындық болғанымен, қазір небәрі 550–650 бала оқитын мектептер бар. Ал сыйымдылығы дәл осындай басқа білім ошақтарында оқушылар саны 2500-ден асып кеткен. Сондықтан қала бойынша жалпы статистика әр шағынаудандағы нақты жағдайды көрсете бермейді.

Мұндай алшақтықты ескеріп, мектеп желісін тиімді жоспарлау үшін Шымкентте QARQYN мемлекеттік цифрлық жүйесі қолданылады. Білім басқармасының түсіндіруінше, платформада білім беру ұйымдары, оқушылар, педагогтер, қаржыландыру және инфрақұрылым туралы мәліметтер жинақталған. Бұл деректер әр ауданның сұранысын қолданыстағы мектептердің мүмкіндігімен салыстыруға көмектеседі. Әсіресе, 2027 жыл қарсаңында мұндай жоспарлаудың маңызы арта түспек. Білім басқармасының болжамынша, келесі жылдың қыркүйегінде қала мектептеріне шамамен 44 мың бала бірінші сыныпқа қабылдануы мүмкін. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 30 мыңға жуық болған. Яғни, бірінші сынып оқушыларының саны бір жылда 47 пайызға жуық өсуі ықтимал.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, оқушы санының артуына дайындық жұмыстары алдын ала басталған. Енді қосымша сыныптар, оқу кабинеттері мен мұғалімдер қажет болатын орындарды анықтау керек. Алайда қаланың бір бөлігіндегі бос орындар екінші бөлігінде тұратын отбасылардың мәселесін шеше алмайды. Мектептің үйден қашықтығы, қоғамдық көлік қатынасы және сабақтың қай ауысымда өтетіні де ескерілуі тиіс. Сондықтан білім беру саласын дамыту Шымкенттің аумақтық өсуімен тікелей байланысты. Жаңа тұрғын үй алаптарына мектеп қажет болса, білім ошақтарына білікті мұғалімдер, заманауи жабдықтар және жұмысты сауатты ұйымдастыру керек.

Мұғалім тапшылығы да назарда

Қалалық білім басқармасы мектептерді қажетті педагог кадрлармен қамтамасыз етуге де басымдық беріп отыр. Басқарманың мәліметінше, соңғы төрт жылда мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдер саны шамамен 19,8 мыңнан 23,4 мыңға дейін өскен.

Шымкентте «педагог-зерттеуші» және «педагог-шебер» санатындағы ұстаздардың үлесі 37,4 пайызды құрайды. Бұл – ел бойынша орташа көрсеткіштен (23,9 пайыз) едәуір жоғары.

Алда қалада бірінші сыныпқа қабылданатын балалар санының артуына дайындық және жаңа шағынаудандардың инфрақұрылымын дамыту міндеті тұр. Бұл жүктемені қаншалықты тиімді еңсеру мектептердегі орындардың қолжетімділігіне, педагогтердің жұмысына және сұранысты қаншалықты дәл болжай алатынына байланысты.

Ал ата-аналар үшін ең бастысы – баласының үйден жыраққа бармай-ақ, сапалы білім алуына мүмкіндік болуы.

Сізге қызық болуы мүмкін